phone i  +7(7232) 261-333 
phone i  pushkinlibrary@yandex.kz
phone i  Сей- Жек: 9:00-19:00
facebook   instagram   twitter   youtube   Vkontakt   whatsapp  

Жаңалықтар & афишалар

«Білімдінің сөзі – ем, мейірімі көп, өзі кең» әдеби экспозиция

«Білімдінің сөзі – ем, мейірімі көп, өзі кең» әдеби экспозиция

Биыл Алаш қайраткері, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, ақын, педагог, саналы ғұмырын халық игілігіне жұмсаған Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл. М.Жұмабаев 1893 жылы 25 маусымда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы М.Жұмабаев ауданында дүниеге келген.

Мағжан сауат ашып, хат танығаннан бастап шығыстың қисса-дастандарын іздеп оқи бастайды. Баласының оқуға деген ынтасын байқаған әкесі Қызылжардағы медресеге оқуға түсіреді. Кейін Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесіне оқуға түседі, онда Б.Майлин, Біләл Сүлеев сияқты қазақ зиялыларымен бірге оқиды. Мағжанның ұстазы, жазушы Ғалымжан Ибрагимов шәкіртінің бойынан ақындықты байқап, оның шығармашылық жолға түсуіне себепкер болады.
1913 жылы М.Жұмабаев қазақ жастарының рухани орталығы болған Омбыға мұғалімдер семинариясына түседі, осы жылдар ол үшін шығармашылық ізденіс жылдары болды. Оқып жүргенде Зейнеп деген қызға үйленеді, бірақ қуанышы көпке бармай, Зейнеп баладан қайтыс болады, келесі жылында бала да көз жұмады. Мағжан өмірінің ең бір ауыр кезін бейнелейтін мұң мен зарға толы өлеңдер осы кезде дүниеге келді.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлының «Мағжан – поэзия падишасы» атты кітабы М.Жұмабаевтың өмір жолы, шығармашылығы туралы баяндайды.
1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін қазақ азаматтары «Алашорда» партиясын құрып, соның маңына жинала бастайды. Мағжан Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов сынды алаш қайраткерлерімен танысады, «Қазақ» газетіне өлеңдерін жариялайды. Оқуды жаңа бітірген жас жігіт қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене кіріседі. Алашорданың құрылтайы өткенде Ақмола облысының делегаты ретінде келген Мағжан оқу комиссиясына мүше болып сайланады.
Осы кезден бастап оқу-ағарту саласына ден қойып, мақалалар жазды. Ұстаздық, ғылыми ізденістердің нәтижесінде «Педагогика» атты еңбегін жариялады.
Ташкенттегі жылдар ақын өмірінің ең бір мағыналы, мазмұнды кезі болды. «Шолпан», «Сана», «Ақ жол» сияқты басылымдарда өлеңдері мен мақалалары жарияланып тұрды. Мағжанның алғашқы маңызды шығармаларының бірі - «Батыр Баян» поэмасы осы кезде өмірге келді.
Қазақ әдебиетінде М.Жұмабаев шығармашылығы ерекше орын алады. Мағжан өршіл жырлары арқылы ұлтының мұңы мен зарын жоқтауға, қуанышын көркейтуге зор үлес қосты. Оны “Туған жерім – Сасықкөл”, “Есімде... тек таң атсын”, “Жаралы жан” т.б. өлеңдерінен көруге болады. Ол Абай поэзиясының өшпес маңызын бірден танып, оны “хакім” деп атады. Қазақ поэзиясын тақырып, түр мен мазмұн жағынан байытты. Ақын қазақ лирикасында бірқатар өлеңдерін махаббат тақырыбына арнады.
М.Жұмабаев не нәрсені жан-тәнімен сүйгенді махаббат деді. Ол туралы Ж.Аймауытов: «Мағжан сөзіндей үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Ол жүректің қобызын шерте біледі» деген екен. «Сен сұлу» жинағында “Сүй, жан сәулем”, “Жас сұлуға, “Сен сұлу”, “Сүйгеніме”, “Алданған сұлу”, «Махаббат не?», «Сүйемін» т.б. өлеңдері топтастырылған.
1929 жылы жалған айыппен М.Жұмабаев 10 жылға сотталды. Карелия ормандарында айдауда болған Мағжан 1935 жылы Максим Горький мен оның әйелі Е.Пешкованың петициясының арқасында мерзімінен бұрын босатылып, елге оралады. Күн көру қиындаған соң Алматыға келіп, аударма жасап күн көреді. Ол Гёте, Гейне, М.Ю. Лермонтов, А.А. Фет, А.А. Блок өлеңдерін, А.М. Горький, Д.Н. Мамин-Сибиряк т.б. әңгімелерін қазақ тіліне аударды.
Аударма жұмысымен қоса М.Жұмабаев “Шолпанның күнәсі” әңгімесі арқылы қазақ әдебиетінде адам жанының, психология әлемінің құпия сырларын, иірімдерін шеберлікпен көрсете білді.
1937 жылы Мағжанның еркіндігі ұзаққа бармайды, жалған жаламен қайтадан қамауға алынады. Қуғын-сүргін құрбаны болған ақын «Халық жауы» деп айыпталып, соттың шешімімен 1938 жылы ату жазасына кесіледі.
Сол бір зұлмат жылдардың құрбаны болған Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатовтармен бірге араға жарты ғасыр салып барып М.Жұмабаев та халқына қайта оралды. Ақынының әдеби мұрасы, ғылыми еңбектері халқының рухани қазынасына айналып, 1989 жылы ғана қайтадан жариялана бастады.
Мағжан есімін мәңгі есте қалдыру үшін бірнеше қалаларда көшеге, ақынның туған ауданына есімі берілді. Ақынның 100 жылдық мерейтойына орай 1993 жылы ескерткіш, мемориалдық мұражай ашылды. Мектеп оқушылары арасында жыл сайын республикалық Мағжан оқулары өтеді, «Мағжан» атты журнал жарыққа шықты.
Келешек ұрпақ Мағжанды ардақтап, өлеңдерін оқып, өсиетімен өмір сүруі керек, өйткені ол жастарға сендім деп бекер айтпаған. «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты – Қырандай күштi қанатты. Мен жастарға сенемiн!». Мағжан осы өлеңі арқылы жастық жігерді жанып, халық жүрегіне үміт пен сенім шырақтарын жаға алды.
Ақынның өзі айтқандай, ұлттың тарихын жырлау арқылы сол ұлттың өзіне айналған ұлы ақынды халқы ұмытпайды.

 

Байланыс тел. 261-333 (119)


 old site

 old site

қолда

кітап ұзарту

оқырман болу

 

 

:


ШҚО, Өскемен қаласы Қазақстан к. 102

pushkinlibrary@yandex.kz

+7(7232) 261-333

+7(7232) 609-087 факс

+7(705) 282-11-27 Whatsapp