3 қазан күні А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында ақын, ұлы ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай «Шәкерім шыңы» атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел отырысына Шәкәрім шығармашылығын зерделеп жүрген кітапхана оқырманы Замирбек Нұралыұлы Уалханов, ұлағатты ұстаз, ҚР Ағарту ісінің озаты Қатиза Байбазарқызы Сарипова, Қазақстан-Американдық еркін университетінің филология факультетінінң студенттері, кітапханашылар қатысты.
Дөңгелек үстелдің тізгінін ұстаған кітапханашы Зиза Мұхтарханқызы Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығына талдау жасай келіп, сүйегі 30 жыл бойы құрқұдықта жатқан ұлы ойшыл бабамыз туралы түсірілген документальді фильмнен үзіндіні оқырман назарына ұсынды.
Қаншама жылдар қапаста жатқан, тек ХХ ғасырдың 80 жылдардың аяғында халқымен қауышқан қазақтың А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердіұлы т.б. қоғам қайраткерлері ақталып, олардың еңбектерінің жарыққа шыға бастауы, қазақ рухын жаңа биіктерге көтеріп, қуаттандырып тастады. Қазақ халқының ой-арманы мен даналық жолындағы тарихында айтулы із қалдырған ойшыл –Шәкәрім Құдайбердіұлы болатын.Тәуелсіздік алғаннан Шәкәрім бабамыздың даналық сөздері мен ой толғамдарын танып білуге мүмкіндік туды
Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығына тоқталған Қатиза Байбазарқызы оның артында қалған мол мұрасымен, өскен ортасына, ұлттық философиямыздың дамуына қосқан зор үлесіне тоқталды. Ақын өмірінен тың деректер келтірді.
Замирбек Уалханұлы Шәкерім Құдайбердіұлы өмір сүрген дәуірдің бет –бейнесін, тарихи тағлымын, болашаққа қарай бет алған терең де қарама-қайшылыққа толы идеяларына тоқталып, ұлы ойшылдың күні бүгін өзекті болып отырған әдеби мұрасын сөз етті. Шәкәрімнің поэзиясынан цитата оқи отырып түсініктеме бере кеткен Замирбек Нұралыұының сөздері жастарға үлкен ой салып, ақынның шығармашылығына қызығушылықтарын туғызғаны анық. Студенттер өз пікірлерін ортаға салып, көкейдегі жүрген сұрақтарына жауап алды.
Дөңгелек үстелге Шәкәрім шығармашылығына қызығушылық танытқан оқырмандар, магистранттар көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алып, ойшыл бабамыз туралы білімдерін толықтыра түсті. 3 курс студенті Самғар Жарқынбек бүгінгі кездесуден үлкен тағылым, өнегелі тәрбие алғандығын айтып, кездесу қонақтарына алғысын білдірді.