phone i  +7(7232) 261-333 
phone i  pushkinlibrary@yandex.kz
phone i  Сей- Жек: 9:00-19:00
facebook   instagram   twitter   youtube   Vkontakt   whatsapp  

Жаңалықтар & афишалар

Ұлы Даланың Ұлы тұлғалары

Ұлы Даланың Ұлы тұлғалары

Халқымызда «Тарихыңды таны, тұлғаңды құрметте» деген тағылым  бар. Қай кезең болса да, адамзат тарихында ұлы тұлғалар шешуші рөл атқарған. Елімізде өз жерін, халқын, кәсібін бейнелейтін адамдар жетерлік.  Олар даңқты істерімен еліміздің жылнамасына ойып тұрып жазылған тұлғалар. Саяси, рухани еңбегі арқылы өлкеміздің дамуына ықпал еткен адамдар. «Өткенді екшемей, болашақты безбендеу қиын» дейді халық даналығы.

19 қаңтарда А.С.  Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Ұлы даланың Ұлы тұлғалары» атты интерактивті әдеби экспозициясының салтанатты ашылуы өтті.

Облыс өміріндегі басты оқиғалар мен өңірімізге еңбегі сіңген атақты тұлғалар – мерейтой иелерін арқау еткен көрме бірнеше бөлімнен тұрады. 

«Ұлт перзенті» атты мерейгер - мемлекет қайраткерлерінен құралған кітап галереясының көшбасында – белгілі қоғам қайраткері, аға сұлтан  Құнанбай Өскенбайұлы; жазушы, тарихшы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Күлтегін сыйлығының иегері Қойшығара Салғараұлы; геолог-ғалым, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш Президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев; Кеңес Одағының Батыры, «Халық Қаһарманы» Сағадат Нұрмағамбетов; «Халық Қаһарманы» Рахымжан Қошқарбаев; жазушы, аудармашы, Президенттік Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты  Бельгер Герольд  және т.б.

Жыл көлемінде қала жұртшылығының игілігіне ұсынылып отырған көрменің «Өмір жырын шерте білген» бөлімі мерейгер - жазушылар мен көркемсөз шеберлерін біріктіреді. Қазақ халқының әдеби мұрасына сүбелі үлес қосқан жазушылармен қатар Шығыс өңірінде дүниеге келіп, шалқар шабытын шыңдап, бүгінгі ұрпаққа мол мұра қалдырған қарымды қаламгерлер туралы да осы бөлімнен біле аласыздар. Атап өтер болсақ: қазақ әдебиетінің тарихына үш бәйтерек болып енген – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин; ақын-жазушылар Бердібек Соқпақбаев, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Мүсілім Құмарбеков, Ғалым Байбатыров, Советхан Ғаббасов, Ұлықбек Есдәулет, Борис Васильевич Щербаков, Станислав Евгеньевич Черных, Баламер Сахариев, Хамит Балшабеков, Қажығұмар Шабданұлы, әдебиет зерттеушісі, профессор Шерияздан Рүстемұлы Елеукенов; журналист Мұрат Әміренов және тағы басқалар.

Арғы бергі замандарда дүйім жұртты өнерімен тамсантқан, тәнті еткен, еліткен небір алуан өнер саңлақтары дүниеден өтті, олармен бірге өңіріміздегі мәдениет өркендеп дамыды.

Көрмеміздің «Өнермен өрілген өмір» бөлімінде мерейгер-шығармашылық мамандықтың жарқын өкілдері – Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр әртісі Әмина Ерғожақызы Өмірзақова, жазушы, әнші және музыкант Жәнібек Кәрменов, Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Ахметқызы Төлегенова,  әнші, сазгер Болат Әшірбаев, Борис Петрович Аникин. Өнерді жасайтын тұлғалар. Халқына адал қызмет атқарып, қазақ өнері тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған жерлестерімізді мақтан тұтамыз.

«Өр Алтайда ізі қалған тұлғалар» бөлімі – тағдыры Шығыс Қазақстанмен тығыз байланысты мерейгерлерге арналады. Олар келесі белгілі жерлестеріміз: Өскемен қаласының тумасы, журналист, жазушы-тарихшы Вадим Геннадьевич Обухов;  жазушы, ШҚ білім беру мен баспа ісін дамытуға үлес қосқан саяси қайраткер Павел Петрович Бажов; Ұлы Отан соғысының ардагері, Өскемен қаласының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Әубәкір Байбатшин; белгілі саяхатшы Николай Михайлович Пржевальский; Ұлан ауданының тумасы, ұшқыш Тоты Әмірова; ғалым, түркітанушы  Алтай Аманжолов, этнограф, өлкетанушы, тарихшы, саяси жер аударылған Николай Яковлевич Коншин. Ұлылардың ізі қалған, асқақ таланттарымен танылған алтын Алтайдың ардақты азаматтары туралы көрмеден толығырақ таныса аласыздар.

Сонымен қатар, құрылғанына 155 жыл толып отырған Зайсан қаласы, құрылғанына 65 жыл болған Шығыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы және ашылғанына  60 жыл толып отырған ШҚ облыстық жас техниктер станциясы туралы деректерді назарларыңызға ұсынамыз.

Көрме қонақтары салтанатты шара барысында мерейгерлердің өмірі мен қызметі туралы көптеген қызықты фактілермен, баспа, бейне, фотоқұжаттармен және осы көрнекті тұлғалардың шығармашылық мұрасымен танысып, шақырылған тарихшы, зерттеуші ғалымдар, журналистер мен мерейгер жазушылардың тартымды баяндамаларын тыңдады.

Тарихшы, ҚАЕУ құқық және халықаралық қатынастар кафедрасының аға оқытушысы, доцент Ардақ Абдрахманова мерейгер - мемлекет қайраткерлерінің өмірінен қызықты деректерге тоқталса, С. Аманжолов атындағы ШҚУ университетінің «Қазақ және орыс филологиясы және журналистикасы» факультетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Хасенов Сәкен мерейгер жазушылардың шығармашылығымен   жан-жақты таныстырды.

Биылғы жылдың мерейтой иелері, кездесудің құрметті қонақтары – Б. Щербаков, А.Әубәкіров, И.Дурново, В.Обуховтың өз аузынан шыққан қызықты әңгімелері жастардың жадында ұзақ сақталады деп ойлаймыз.

«Алтай» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауындағы күйлер мерекеге ерекше атмосфера қалыптастырса, Бибігүл Төлегенованың шәкірті Гүлнар Перкованың орындауындағы «Алқоңыр» халық әні қонақтардың қызу қошеметіне бөленді.

Көрме 2024 жылдың мерейлі күндеріне арналған кітапхананың ірі іс-шараларының бастамасы болмақ. Өйткені, тәрбиелік, тарихи-танымдық маңызы зор бұл атаулар мен жетістіктерді әрбір адам білуі тиіс. Бұл ұлы адамдар – бүкіл Қазақстан халқының мақтанышы мен даңқы, ұлттық байлық және болашақ ұрпақ үшін рухани бағдар болары сөзсіз! 

 

 

ulydala 1 ulydala 2 ulydala 3 ulydala 4 ulydala 5
ulydala 6 ulydala 7 ulydala 8 ulydala 9 ulydala 10
ulydala 11 ulydala 12 ulydala 13 ulydala 14 ulydala 15

 

Байланысшы: Гүлбаршын Абылгазинова

Тел: 26-13-33


 old site

 old site

қолда

кітап ұзарту

оқырман болу

 

 

:


ШҚО, Өскемен қаласы Қазақстан к. 102

pushkinlibrary@yandex.kz

+7(7232) 261-333

+7(7232) 609-087 факс

+7(705) 282-11-27 Whatsapp