Шілде айының бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. 2018 жылдың 13 маусымында «Домбыра күні» мерекесін белгілеу туралы ресми шешім қабылданды. Осыған орай кітапхананың екінші қабатындағы фойеде «Домбыра күні - ұлттың үні» атты интерактивті кітап көрмесі оқырман назарына ұсынылды.
Әдеби көрмеде Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының өмірімен шығармашылығын тілге тиек еткен, ұлы күйшіге қатысты деректер мен оның күйлерін бүгінгі қоғамға жеткізген «Құрманғазы» кітабы (Құр астырған- Қ.Ахмедиярова), Күй өнеріндегі теңдесі жоқ жарық жұлдыз – Дина Нұрпейісованың шығармашылығы мен күйлері топтастырылған «Әсем Қоңыр» кітабы, «Жан серігім, домбыра» -, деп жырлаған Кенен Әзірбаевтің көптомдық шығармалар жинағы сонымен қатар домбыраның қадір қасиетін көрсететін, халыққа берері мол тағы басқа көптеген кітаптар көрмеде орын тапқан.
Домбыра аспабының шығу тарихы? Домбыра ойнау оңай ма? Домбыраны қалай үйренуге болады? Домбырада жетік ойнаудың сыры неде? Осы және басқа да көптеген сұрақтардың жауабын оқырмандарымыз осы көрмеден таба алады.
Қазақ халқының төл өнері жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен домбыра еске түседі. Домбыра – қазақ халқының асыл қазынасы. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар. Көрме өз оқырмандарын күтеді!