14 ақпан күні А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының ұйымдастыруымен Zoom платформасында «Абай және оның ортасы онлайн форсайт-форумы өтті.
Форум 2024 жылы аталып өтілетін және еске алынатын күндер аясында, ұлы қазақ ақыны, ойшыл, аудармашы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының өмірі мен қызметіне байланысты атаулы күндерді қамтыды:
– Абайдың әкесі, қазақтың көрнекті қоғам қайраткері Құнанбай Өскенбайұлына (1804-1886) 220 жыл;
– Абайдың інісі, әскери қайраткер, ақын, аудармашы Халиолла Өскенбаевқа (1849-1870) 175 жыл;
– ақын, ағартушы, Абайдың шәкірті, Алаш қозғалысының жанашыры Көкбай Жанатайұлына (1864-1925) 160 жыл;
– Халық ақыны, Абайдың шәкірті Төлеу Көбдіковке (1874-1954) 150 жыл;
– Абай Құнанбайұлының қайтыс болғанына 120 жыл (1845-1904);
– Санкт-Петербургте И.Бораганский баспасынан немере інісі Кәкітай Ысқақұлы мен ұлы Тұрағұлдың қолынан шыққан Абайдың тұңғыш кітабына 115 жыл (1909).
Онлайн форсайт-форумға белгілі қазақстандық абайтанушылар, ғалымдар, оқытушылар, сонымен қатар Абай шығармашылығын зерттеп жүрген мамандар қатысты.
Форум модераторы А.С.Пушкин атындағы ШҚО кітапханасының қызметкері Гүлбаршын Абылгазинова. Форсайт-форум спикерлері: абайтанушы, ғалым, зерттеуші, философия ғылымының кандидаты Асан Омаров; Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының» ғылыми қызметкері Қуат Қиықбай; ақын, абайтанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алмахан Мұқаметқалиқызы; абайтанушы, Көкбай Жанатайұлының тұңғыш шығармалар жинағын шығарушы, «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жандос Әубәкір. Форсайт-форумда қатысушылар Абай Құнанбайұлының отбасы, замандастары, шәкірттері және ақын өмір сүрген тарихи кезең жайлы сөз қозғады.
Форумға әдебиетіміздің данышпанының жеке тұлғасына, оның шығармашылық мұрасының жан-жақтылығына қызығушылық танытқан студенттер, оқытушылар, мұғалімдер, кітапханашылар қатысты.
Байланыс тел.: 261-333 (119)