2024 жылы қазақ прозасына өзгеше өрнек әкелген көрнекті балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілуде және жазушының шығармалары «Бір ел - бір кітап» акциясы аясында оқуға ұсынылды.
Осыған орай 25 сәуір күні А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Менің атым Қожа» кітабы бойынша оқушылар арасында «Балалар бағының бағбаны» атты оқырмандар конференциясы өтті.
Шараға Шығыс Қазақстан облыстық техникалық-экономикалық лицей-интернатының және Шығыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицейінің оқушылары қатысты.
Балалар «Повестің басты кейіпкері Қожа қандай бала?», «Повестегі Жанар қандай оқушы? Ол Қожаға несімен ұнайды?», «Повестегі ұстаздар бейнесі жайлы не айтар едіңіз? Қожаның жақсы көретін мұғалімі кім?», «Қожаның болашақта жақсы азамат болып шығатынына сенесіз бе? Оның қателіктерге ұрына беру себебі неде?» және тағы басқа сұрақтарға жауап беріп, кітап жөніндегі ойларын ортаға салды.
«№27 орта мектебінің» және «№35 орта мектебінің» оқушылары көрсеткен көріністер елдің көңілінен шықты. шараға белсене қатысқан қатысушылар кітапхана әкімшілігі атынан Алғыс хатпен марапатталды.