А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханасында ұлттық мерекеміз Республика күніне орай белгілі жазушы, прозашы, публицист, әдебиет зерттеушісі, сыншы, аудармашы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі және Қазақ елінің патриоты Герольд Карлович Бельгердің туғанына 90 жыл толуына орай облыстық әдеби диктант өткізілді.
Өзге ұлт өкілі болса да, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, тарихын жетік білген Герольд Карлович «Қазақтың қуанышы – менің қуанышым, қазақтың тойы – менің тойым...» – деп бар саналы ғұмырын әдебиетке арнады. Әдебиет жолында Абай мұраларын зерттеп «Гете және Абай», «Асылға абай болайық» және тағы басқа орыс, неміс тілдерінде ғылыми еңбектер, мақалалар мен көркем әңгімелер жазды. Г.Бельгер қазақ тілінде еркін сөйлей де, жаза да алды. «Қазақ тілі үшін барымды беруге дайынмын. Менің рухани тірегім Абай Құнанбайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов. Қазақ тіліне үңілген сайын тереңдей түстім», – деп ағынан жарылатын қаны неміс, жүрегі қазақ Герольд Бельгердің қазақ тілі, ұлттық бірлік пен татулық туралы айтқан ойлары халқымыздың көңілінен шығып, ұлттық рухымызды көтеруге ықпал етті. Оның «Қазақ дәптері», «Мұнар тау», «Ауыл шетіндегі үй», «Даладағы шағалалар», «Тас өткел», «Тұйық су» және т.б. шығармаларын жұртшылық қызыға оқып, оқырмандар мен әдеби ортадан өз бағасын алды. Жазушының дәуіріміздің көркем бейнесі шынайы көрініс тапқан шығармалары қазақ топырағын мекендеген түрлі ұлттар әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, мазмұнын байытып қана қоймай, уақыт озған сайын кейінгі жас ұрпақпен бірге жасай беретіні сөзсіз.
Диктант мәтіні Г.Бельгердің «Қазақ дәптері» жинағындағы сұхбаттарынан алынды.
Байланыс тел.: 261333