phone i  +7(7232) 261-333 
phone i  pushkinlibrary@yandex.kz
phone i  Tue- Sun: 9:00-19:00
facebook   instagram   twitter   youtube   Vkontakt   whatsapp  
Ұлы даланың Ұлы тұлғалары

Ұлы даланың Ұлы тұлғалары

 «Тарихты тану — болашақты түсіну» деп айтқан дана халқымыз. Ұлы Дала төсінде туып, тәуелсіздік жолында елеулі еңбектер атқарған тұлғалардың есімі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ұлттық болмысымызды қалыптастыруға әсер етті. Тарихтың қателіктерінен сабақ алып, оның өнегесі арқылы болашаққа қадам басу – біздің міндетіміз. Осыған орай 24 қаңтарда кітапханада «Ұлы даланың Ұлы тұлғалары» атты интерактивті әдеби экспозициясының салтанатты ашылуы өтті.

Облыс тарихындағы маңызды оқиғалар мен өңіріміздің дамуына айрықша үлес қосқан танымал тұлғаларды паш ететін мерейтойлық көрме бірнеше бөлімнен құралады.

Мерейгер-мемлекет қайраткерлеріне арналған «Ұлт перзенті» бөлімінің көшбасынан  ақын, жазушы, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі Міржақып Дулатұлы; ғалым, тарихшы, этнограф Шоқан Уәлиханов; Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлы, Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО халық мұғалімі, Марқакөл ауданының тумасы Құмаш Нұрғалиев; Кеңес Одағының Батыры, Ұлан ауданының тумасы Төлеген Тоқтаров; металлург, Социалистік Еңбек ері  ШҚО Құрметті азаматы Хайролла Бақтыбаев тағы да басқа мерейтой иелері орын алды.

    «Өмір жырын шерте білген» бөлімінде қазақ халқының әдеби мұрасына сүбелі үлес қосқан қарымды қаламгерлер, жерлес ақын-жазушылар туралы мазмұнды да қызықты ақпарат жинақталған. Бөлім қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы мен ұлы Мағауия Құнанбаев; жазушы Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауин, Сәбит Мұқанов, қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сапарғали Бегалин; ақындар Жұбан Молдағалиев, Тұманбай Молдағалиев; Қазақстанның Халық жазушылары Әнуар Әлімжанов тәрізді тұлғалардан бастау алады.

Сондай-ақ, белгілі жерлестеріміз – прозашы, драматург, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалихан Ысқақ, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дидахмет Әшімханов; Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшелері, «Құрмет» орденінің иегері Нұрдәулет Ақыш; Оңдасын Елубай; Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Айтмұхамбет Қасымов; «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Тұрысбек Сәукетаев; журналист, ақын, аудармашы Тоқтарбек Қызықбаев; ақын, публицист, аудармашы, түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Егеубаев, ақын Лариса Мартынова және өлкеміздің әдебиеті мен мәдениетіне өз қолтаңбаларын қалдырған басқа да қайреткерлер көрме төрінен орын алған. 

Халық жүрегінен мәңгі орын алған сазгерлер Шәмші Қалдаяқов;  «Халық Қаһарманы»  Нұрғиса Тілендиев; графикалық суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның Халық суретшісі Евгений Сидоркин; Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі Атаханов Нұритдин; талантты жерлестеріміз – суретші, ұлттық музыкалық аспаптар шебері, Қазақстанның мәдениет қайраткері Жолаушы Тұрдығұлов; театртанушы, профессор, ҚР еңбек сіңірген білім қызметкері Бақыт Нұрпейіс; сазгер-әнші Маржангүл Маниярова сынды талантты тұлғалар жайлы көрменің «Өнермен өрілген өмір» бөлімі сыр шертеді.

Тағдыры Шығыс Қазақстан өлкесімен тығыз байланысты «Өр Алтайда ізі қалған тұлғалар» бөлімінде атаулы күндер күнтізбесінен орын алған мерейгерлер: орнитолог ғалым, өлке зерттеушісі Виталий  Хахлов; саяхатшы, этнограф Григорий Потанин; ақын, аудармашы, Зайсан қаласының тумасы Павел Васильев; ақын, публицист, Қазақстан Жазушылар одағының және Ресей Жазушылар одағының мүшесі Евгений Курдаков; Мәдениет саласының еңбек сіңірген қызметкері, Өскемен қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Қабиба Ақжігітова; ағартушы-педагог, филолог-ғалым Абдуллина Люция; ақын, журналист, жазушы, Қазақстан Журналистер одағының және Ресей Жазушылар одағының мүшесі, Өскемен қаласының тумасы Геннадий Пуссеп;  жазушы, Ұлы Отан соғысына қатысушы Мария Карповна Недобиткова-Бельская; ағартушы-педагог, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Фарзана Ахметжанова және т.б.

Көрме қонақтары салтанатты шара барысында мерейтой иелерінің өмірі мен қызметіне байланысты көптеген мәнді деректермен, баспа, бейнемазмұн және фотоқұжаттармен танысып, сондай-ақ осы танымал тұлғалардың шығармашылық мұрасы туралы шақырылған тарихшылар, зерттеуші ғалымдар, журналистер мен мерейтой иелерінің қызықты баяндамаларын тыңдады.

Атап айтқанда, шараның құрметті қонақтары Қаңтарбаев Әлібек Қалиұлы, Геннадий Николаевич Пуссеп, Шалқар Рысханов, Нұрмұхамедов Әлібек аға,  тарихшы-ұстаз Ерболат Талғар Ерболатұлы мерейтой иегерлері жайлы айтқан  тағылымы мол әрі  қызықты әңгімелері жастардың жадында ұзақ сақталады деп сенеміз.

Халық әртістері Ағайынды Абдулиндер атындағы өнер училищесінің студенттері,  «Жігер» ансамблінің орындауындағы күйлер мерекеге ерекше атмосфера қалыптастырса, әнші, қолөнерші Бабаханова Жауһаз Сейітханқызының орындауындағы ән қонақтардың қызу қошеметіне бөленді.

Көрме 2025 жылдың мерейлі сәттеріне арналған кітапхананың ауқымды шараларының бастамасы болмақ. Өйткені, тәрбиелік және тарихи-танымдық тұрғыдан үлкен мәні бар бұл тұлғалар мен олардың жетістіктерін әрбір азаматтың білуі маңызды. Бұл ұлы адамдар – барша қазақ елі үшін мақтаныш пен абыройдың символы, ұлттық қазына, сондай-ақ болашақ ұрпаққа рухани бағдар болатын ұлы тұлғалар!

 Ulydala 1  Ulydala 2  Ulydala 3  Ulydala 5  Ulydala 6 Ulydala 8 
 Ulydala 4  Ulydala 9  Ulydala 11  Ulydala 12  Ulydala 15  Ulydala 17
 Ulydala 7  Ulydala 10  Ulydala 13  Ulydala 14  Ulydala 18  Ulydala 19

 


Байланысшы: Гүлбаршын Абылгазинова, тел: 26-13-33


 DosAI

 old site

қолда

кітап ұзарту

оқырман болу

 

 


st. Kazakhstan, 102
Ust-Kamenogorsk, EKR

pushkinlibrary@yandex.kz

+7(7232) 261-333

+7(7232) 609-087 fax

+7(705) 282-11-27 Whatsapp