23 сәуір - Ұлттық кітап күні
Қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін маңызды атаулы күн – Ұлттық кітап күні аясында Шығыс Қазақстан облысы кітапханаларында 16-сәуірден бастап кітап апталығы өз жұмысын бастады.
Кітап апталығы А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында кітап оқуды насихаттауға арналған бірқатар тағылымды да мазмұнды іс-шаралармен басталды. Кітап күні рухани шаңыраққа жиналған оқырман қауымға «Кітап деген бір әлем...» /«Книга – это целый мир...» атты ауқымды интерактивті әдебиеттер көрмесі ұсынылып, қаламыздағы оқу орындарының студенттері әйгілі ғалым, саяхатшы, ағартушы Шоқан Уәлихановтың «Іле өлкесінің географиялық очеркі» атты маңызды еңбегі бойынша әдеби диктантқа қатысып, үздік нәтиже көрсеткендер диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Ал кітапхананың Халықаралық ресурстар орталығы мен Білім орталығы жастар мен студенттерге, сондай-ақ мектеп оқушыларына арнап әдебиет саласындағы білімдерін шыңдай түсетін «Кітап алуға асық» атты интеллектуалдық ойын мен ӘдебиQUIZ ұсынды.
Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы оқырмандары мен кітапхана қонақтары ақын, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әдебиет саласындағы халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Қазақстан Жазушылар мен Журналистер одағының мүшесі, Mecenat.kz байқауының жеңімпазы, «Өмір бәйтерегі» кітабының авторы Сәуле Досжанмен кездесу мүмкіндігіне ие болды.
Риддер қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы Орталық қалалық кітапханасында Ашық есік күні ұйымдастырылып, Катонқарағай аудандық орталық кітапханасында «Абай әлемі» кітаптар топтамасымен жарыққа шыққан жергілікті қаламгерлердің шығармаларының тұсаукесері өтті. Облыстың басқа да аудандық, ауылдық кітапханаларында Ұлттық кітап күні аясында ауқымды кітап көрмелері оқырман назарына ұсынылды.
Апталық көлемінде әдеби кештер, танымал қаламгерлермен шығармашылық кездесулер, тікелей эфир, байқау, шеберлік сағаттары және тағы да басқа іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
23 сәуір күні сағат 11.00-де, А.С.Пушкин атындағы ШҚО кітапханасында «Қуатты елдің жастары – кітаппен» атты пікірталас алаңы өтеді. Шараға қаламыздағы «Төр Алтайдың әдеби әлемі», «Кітаппен Өскемен», «Кітап ал» әдеби-шығармашылық топтарынан белсенді, кітапсүйер жастар шақырылып отыр.
24 сәуір сағат 14.00 жерлес жазушы Ақыш Нұрдәулет Бәбиханұлымен «Балалар әдебиеті және Нұрдәулет Ақыш» атты бенефис өтеді.
Сол күні де оқушыларға арналған «Азаттық жолында: Есенберлиннің көзқарасымен көшпенділер әлемі» КВИЗ; Ұлы Отан соғысына қатысушы, Кеңес одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың 105 жылдығына және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Төлегеннің ерлігі - ел есінде» дөңгелек үстел жоспарлануда.
25 сәуір сағат 14.00 өлкетанушы Тоқсанбай Алпамыс Айтқазыұлымен шығармашылық кездесу өтеді.
Апталық көлемінде барлық облыс кітапханаларында әдеби кештер, танымал қаламгерлермен шығармашылық кездесулер, тікелей эфир, байқау, шеберлік сағаттары және тағы да басқа іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
![]() |
![]() |
![]() |
![]() |
![]() |
![]() |
Байланыс тел.: 261333