«Күмбірлеген күй ғұмыр»
18 ақпан күні сағат 14.00-де А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада қазақ күй өнерінің темірқазығы саналатын Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Күмбірлеген күй ғұмыр» атты лекция-концерт өтеді.
Дина Нұрпейісова (1861–1955) - қазақтың көрнекті күйші-композиторы, дәстүрлі күй өнерінің ірі өкілі. Ол Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданына қарасты Бекетай құмында дүниеге келген.
Аталған шараға Абдуллиндер атындағы өнер колледжінің студенттері қатысып, өнер көрсетеді. Шара бірнеше бөлімнен тұратын күй шеруі форматында ұйымдастырылады. Әр бөлімде - күйші өмірінің бір белесі суреттеліп, Дина Нұрпейісованың өмірі мен мол мұрасы жөнінде тағылымды мәліметтер ұсынылады. Бала Динаның домбыраға алғаш қол созған сәтінен бастап, Құрманғазының батасын алған кезеңі, үлкен сахнаға кеш келсе де, өнердің ең биік тұғырынан көрінген ғұмыры күй мен әңгіме арқылы көрініс табады.
Лекция барысында тыңдарман күйлердің шығу тарихы жайлы ақпарат алып, «Бұлбұл», «Байжұма», «Көгентүп», «1916 жыл» сияқты шығармалар арқылы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен танысады. Сондай-ақ, «Күй анасы - Дина» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге қойылған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.
Дина Нұрпейісова - Құрманғазы мектебін жалғап, күй өнерін ұрпақтан ұрпаққа аманаттаған тұлға. Оның өмір жолы - өнерге адалдықтың, рух беріктігінің айғағы.
Кешке күй әлеміне қызығушылығы бар қала тұрғындары, ұлттық өнерді қадірлейтін барша көрермен шақырылады.








