«Күн көзіндегі көлеңке» кітабының тұсаукесері
17 сәуір күні кітапхана қабырғасында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлнұр Зұлқаршынның «Күн көзіндегі көлеңке» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті.
Қаламгер, публицист, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Қаңтарбаев Әлібек Қалиұлы сөз сөйлеп, ақынның шығармашылығына жоғары баға берді. Сонымен қатар шара барысында қаламыздың ақын-жазушылары да өз лебіздерін білдіріп, жаңа жинақтың әдеби құндылығына тоқталды.
Әдеби кешке қаладағы кітапсүйер қауым, оқырмандар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Шара барысында ақынның шығармашылығы кеңінен таныстырылып, жаңа кітаптың мазмұны мен идеялық ерекшеліктері туралы пікірлер айтылды.
Гүлнұр Зұлқаршын 1979 жылы Қытай Халық Республикасының Алтай аймағында дүниеге келген. Ол небәрі 10 жасынан бастап Қытайдағы газет-журналдарда өлеңдері жарияланып, жасынан-ақ дарынды ақын ретінде танылған. Кейін республикалық, облыстық, аймақтық деңгейдегі айтыстар мен жыр мүшәйраларының жүлдегері атанды. 2008 жылы тарихи Отаны – Қазақстанға оралып, әдебиет саласында белсенді еңбек етіп келеді.
Бүгінде ақын бірнеше облыстық мүшәйралардың жеңімпазы, «Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі». Сонымен қатар «Тамшы» шығармашылық үйірмесі мен «Ақиық» ақындар орталығының ұйымдастырушысы. Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы «Alatau Creative Hub» кітапхана, коворкинг және арт-орталығында қызмет атқарады.
«Күн көзіндегі көлеңке» – ақынның екінші жыр жинағы. Кітапта адам жанының терең иірімдері, жүрек түкпіріндегі сезімдер мен айтылмай қалған сырлар поэзия тілімен өрнектелген. Жинақ оқырманды ішкі әлеміне үңіліп, өмірдің жарығы мен көлеңкесін қатар тануға шақырады.
Кеш барысында автор өз өлеңдерін оқып, оқырмандармен еркін форматта сұхбат құрды. Әдеби жүздесу әсерлі әрі мазмұнды өтті.








