«Абай шығармаларындағы әлемдік және ұлттық мәдени архетиптер»: медиа-сабақ
14 қазандаі сағат 14.00-де А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында әдебиеттанушы Мақпал Оразбектің «Абай шығармаларындағы әлемдік және ұлттық мәдени архетиптер» атты кітабы негізінде медиа-сабақ өтеді.
Медиа-сабақтың негізгі мақсаты – ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармашылығындағы ұлттық дүниетаным мен әлемдік мәдени құндылықтардың сабақтастығын таныту, ақын мұрасын жаңа қырынан зерделеуге мүмкіндік беру. Сабақ барысында Абай шығармаларында көрініс тапқан мәдени архетиптер, олардың ұлттық сана, халықтың тарихи жады мен рухани болмысымен байланысы туралы сөз қозғалады.
Мақпал Оразбектің еңбегі Абай шығармаларын тек әдеби мұра ретінде ғана емес, ұлттық және әлемдік мәдениетті тоғыстыратын рухани кеңістік ретінде қарастыруымен құнды. Медиа-сабақ барысында кітаптағы негізгі тұжырымдар заманауи мультимедиялық форматта ұсынылып, Абай поэзиясы мен қара сөздеріндегі адам, табиғат, білім, ақыл, рух, елдік сана секілді ұғымдардың мәдени мәні ашылады.
Іс-шараға оқушылар, студенттер, жастар, кітапхана оқырмандары және Абай шығармашылығына қызығушылық танытқан барша қауым шақырылады.
Байланыс тел.: +7 705 624 1725








