«Қазақстан – туған елім, ұлы өлкем»: мерекелік бағдарлама
Республика күні мерекесіне орай А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы сіздерді салтанатты, танымдық әрі интерактивті мерекелік бағдарламаға шақырады.
Мерекелік бағдарламаның басты шарасы ретінде 20-27 қазан аралығында өтетін әдеби-ақпараттық экспозиция ұсынылады. Бұл көрме әрбір оқырманға еліміздің егемендік алған алғашқы қадамдарынан бастап, қазіргі даму кезеңіне дейінгі тарихи жолын терең зерделеуге мүмкіндік береді. Экспозицияда мемлекеттік жүйе мен Конституцияның, мемлекеттік рәміздердің қалыптасуына, сондай-ақ шекарамыздың бекітілуіне ерекше назар аударылған. Сонымен қатар, тарих ғылымдарының докторы Булат Сұлтановтың дәрістер жинағы арқылы егемен Қазақстанның бейбітшілік сүйгіш саясаты мен халықаралық ұйымдардағы орны ашылса, Жанат Ертлеованың еңбектері нарықтық экономикаға өтудің басты ерекшеліктерін түсінуге көмектеседі. Келушілер Ұлы дала тарихы, қазақ тілі, өнер, спорт, қоғамдық келісім, «Оқитын ұлт» марафоны және отандық ғылым мен жасанды интеллекттің болашағына арналған футуристік блокпен де таныса алады.
Мерекелік апталық аясында 22 қазан сағат 11:00-де кітапханадағы Ақтан Нұрбаев атындағы облыстық ақындар мектебінің ұйымдастыруымен «Жырың болып төгілемін» атты облыстық ақындар айтысы өтеді. Айтысқа облыс аудандары мен Өскемен қаласы мектептерінің 5–11 сынып оқушылары қатысады. Ал, 24 қазан сағат 14:00-де балалар мен жасөспірімдерге арналған «Республикам менің – бақытым менің» атты интеллектуалды QUIZ ойыны ұйымдастырылады.
Қазақстанның өткені, бүгіні мен болашағы тоғысқан бұл танымдық шараларға баршаңызды белсене қатысуға шақырамыз!
Байланыс тел.: 261333 (119)








