Get Adobe Flash player

an imageФариза Оңғарсынова (1939 ж.)

Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайреткері, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 5 желтоқсанда Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған. 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, Балықшы ауданының Еркінқала, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақ мектептерінде ұстаздық еткен. 1966-1970 жылдары Гурьев облыстық "Коммунистік еңбек" газетінің партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкер болып істеген. 1968-1970 жылдары республикалық "Лениншіл жас" (қазіргі «Жас Алаш») газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілші қызметін атқарған. 1970-1978 жылдары республикалық "Қазақстан пионері" (қазіргі «Ұлан») газетінің бас редакторы, 1978-2000 жылдары "Пионер" (қазіргі «Ақжелкен») журналының бас редакторы болып істеген.

Орыс, туысқан республикалар ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың жырларын, кейбір драмалық шығармаларды қазақ тіліне аударған.

Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап шыққан. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Сандуғаш» 1966 жылы жарық көрген. «Алмас қылыш», «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Тыңдаңдар, тірі адамдар», «Қарғыс»», «Қасірет пен ерлік жыры» поэмалары. «Таңдамалыны» (1987) және «Қыз ғұмырға» (1966) дейінгі аралықты қамтиды. Ақын лирикасы «Маңғыстау маржандары» (1969), «Мазасыз жүрегіңдемін» (1975), «Шілде» (1978), «Сұхбат» (1983), «Жүрек күнделігі» (1984), «Дауа» (1985), «Екі томдық: Таңдамалы шығармалары» (1987), «Өсиет» (1995), «Қыз ғұмыр» (1996) және «Мен саған ғашық емес ем» (1999) сияқты дүниелермен толықты. 1984 жылы «Үйім - менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлең топтамалары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Әр жылдары 20-дан астам өлеңдер жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, "Біздің Камшат" повесі, аудармалары "Жазушы", "Жалын", "Молодая гвардия" баспаларынан жарық көрді.

Ақынның творчествосына тән басты қасиет - шындыққа бас ию. Оның бұл қасиеті кез келген туындысынан да айқын көрініп тұрады. 1979 жылы жарық көрген «Сенің махаббатың» жинағындағы «Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы» атты поэмасы ақын творчествосының шындық шырқауы, негізгі қағидасы. Шындық, қайсарлық, адамгершілік, махаббат, сенім сияқты философиялық категориялар Ф. Оңғарсынованың поэмасында нанымды, салмақтыкөрініс тапқан.

Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған.

Республика мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер.

Бүгінде Фаризаны білмейтін оқырман кемде-кем. Есімізге Мұқағали ақынның Фаризаға арнап жазған өлеңіндегі мына шумақтар түседі:

Фариза!
Фаризажан, Фариза қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Біріміздің - біріміз арылармыз.
Бізерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.

«Дауа» жинағы таңдамалы өлеңдерінен тұрады. Қазақ поэзиясында өзіндік тұлға болып қалыптасқан ақын өлеңдерінің негізгі тақырыбы: махаббат, замана, уақыт тынысы, туған жер, туған ел туралы болды.

Фариза Оңғарсынованың өлендерінде жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алуымен ерекшеленеді.

"Жүрек сенсің..." деген өлеңіндегі төмендегі жолдарды оқыған кезде азаматтық сарын, ар-ождан тазалығына тәнті боласыз.

Бар сияқты менде де сана, шыдам,
жығылғанды демеуге тағы асығам.
Жасайын-ақ десем де бір астамдық,
қорқам ардың айбалта-жазасынан.

Ақын әйелдер жанының кұпиясын, арманын, махаббатын көп жазады. Ақын - өз заманының ар-ұжданы. Ол болашақ үшін өмір сүреді. Әлденеден мұңайған кезінде, біреудің пасықтығынан жүрегі мұздаған кезінде, кешегі досының бүгін теріс айналғанын көргенде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, берер дәрі-дауасы - поэзия.

Күлкімді, жайлы күнімді,
азапты, қайғы-мұңымды
өзіммен бөліскенің үшін,
қатем мен жеңістерім үшін,
менің мынау қиындау тағдырым болып
о баста көріскенің үшін,
Өлең, мен сені аялап өтем! - деп толғайды.
Ал «Поэзия» өлеңінде ақын осылай жазған:
Поэзия дегенің - халық қаны,
қасіреті, мұрасы, жарық таңы;
ол - сезімнің оралмас мөлдірлігі,
уақыт шаңын бойына дарытпады.

Өлшеуші ем сонау аспанның өзімен ғана, - деген шумақта қаламгердің шыққан, өскен ортасын дәл көрсететін поэтикалық деталь, әдемі образды сурет жатыр. Сондай-ақ, ақынның биік арманы анық көрінеді. Фаризаның беріліп,шабыттанып, аса құмарта, кең көсіліп жырлаған табысты тақырыбы - махаббат, сүйіспеншілік тақырыбынан басқа да саяси-әлеуметтік тақырыптарды әуелде публицистикалық толғау үлгісі арқылы игерген ақын бірте-бірте философиялық, психологиялық монолог формаларға ауысып суреттегенін көреміз. Туған жер, Отан-Ананы нақты сурет, бейнелі тіл, көркем тәсілмен өрнектейді. «О, туған жер...» өлеңінде:

О, туған жер, кеңпейіл, құшағың кең,
саған көңіл бұлқынар күш-ағынмен.
Сағынышымды қанат қып саған қарай
балапандай талпынып ұшамын мен.

Немесе:

Сені қалай сүюдің керектігін
мен ешқандай кітаптан оқымадым, - деп, туған жерге деген өзінің сағынышын, ерекше сезімін жырғып шынайы суреттейді. Ал:

Дала - менің қазынам, жыр сандығым,
жыр нәрімен жер балқып, бусанды құм.
Сортаң жердің тұзы бар тамырында,
ашқылтымдау сондықтан жусан-жырым.

Туған дала! Туған ел! Бұл ұғымдар - ақын жырындағы ең қасиетті, ең қастерлі ерекше жалынды леппен жырланатын, асқақ шабыттарға толы сезімдердің тақырыбы. Оның өлеңдерінің барлығы дерлік туған далаға деген перзенттік махаббаты басқа тақырыптағы өлеңдерінің арасынан да ерекшеленіп, өзге өлеңдерді өзіне көгендеп жатады. «Жүрек сенсің, Отаным, қоғамым да» өлеңінде:

Жүрек, сенсің Отаным, қоғамым да,
мейлің күлдір, күрсіңдір, ора мұңға -
мен бәрібір өзіңнен бөлінбеймін,
сенсіз менің әнім жоқ, жоқ арым да.

Туған жерін сүйген, оған барлық жылы жүрегімен берілген ақын сол жердің тыныштығын, бейбіт өмірін ойдан шығара ала ма? Фариза өлеңдерінде де бұл леп ерекше. «Туған жер, туған ауыл қымбат маған...» өлеңінде:

Туған жер, туған ауыл қымбат маған,
ешкімге бұл сезімді былғатпағам.
Мен оның өзім ғана сезінетін
қастерлі қасиетін жырлап бағам.

Ақын жырында әйелдер бейнесінің көңіл күйі дауылды сезім болып жырланады, тек жай жырлау емес, қазіргі заман талабының биік өрісіне лайықтап жырлау - Фариза туындыларының бір қыры. Әйел - Ана тақырыбы. Әйелдер жан дүниесіне барлау жасауда ақын жетістігі мол. Оны өзі де ашып айтады: "Адам деген күрделі жаратылыс қой. Соның ішінде әйел халқының жан-дүниесі өз алдына бір әлем. Менің өз жырларымды сол әйел жанының сан күйін мүмкіндігім жеткенше жеткізгім келеді. Менің бұл тақырыптағы лирикалық кейіпкерім - әйелдер. Олардың тағдыры, жан дүниесі, күлкісі мен көз жасы өлеңдерімнің арқауы", - дей келе:

Өз-өзімнен өртеніп барам жанып,
Жүректен жас ағады тарамданып.
Менде жай жоқ бұл күнде тым болмаса
ақтарылар алдыңда саған барып.
Жасқа ғана толады жанар налып,
мен үшін тұр дүние қараң қалып, - деп, әйелдің мұң-қайғысын сыр ғып шертеді.

Демек, азаматтық, қоғамдық, әлеуметтік көркем тұжырым жалаң публицистикалық шалқу дидактикалық толғаумен әсте терең ашылмақ емес, қайткен күнде де поэтикалық бейне, тұлғалы образ, сөз суретінің құдіреті бірінші қатарда, дәлірек айтқанда, ақындық сезім, қаламгерлік идея өзара ажырамас диалектикалық тұтастықта көрінеді.

Қарапайымдылық пен нақтылық, суреткерлік пен бейнелік - оның шынайы белгілері. Ол әсіре қызыл жылтырақтықтан, сөзқуарлықтан аулақ, оның өлеңі бойында жауынгер қазақтың қаны ағады, қолында Махамбеттің семсері жарқылдайды. Ол жалған сөйлеуді, жалтақтауды, жарамсақтануды білмейді. Оның таланты ешкімге ұқсамайды. Бүгінгі ұлттық поэзиямызда өзінің ойшылдығымен, талғампаздығымен, айналасына, төңірегіне сын көзімен қарайтын биік интеллектуалдық санасымен, мұң мен көңіл күйі әсеріне бөленген сазды жырымен, әнімен оқшау тұр.