Get Adobe Flash player

Менің досым - халқым…
(Халық, адамдар және жастар жайлы)

Менің досым - халқым... Сосын жастар. Өз замандас-тарымнан досым аз. Ол өзімнің мінезімнен болуы керек. Біреудің бойынан ұсақтық, пендешілік көрсем, көңілім енді қайтып беттемейді. Сен өзің менің шығармаларымды білмейсің-ау деймін? Дос болып жүрген адамның қатесін бетіне айтқаным үшін теріс айналған адамға арналған бір өлеңімде:

Бүл - әуелден таныс жай, таныс қайғы:
Көлгірсулер жанымды жаныштайды.
Ақиқатпен бетпе-бет келе алмайтын
Жанның бәрі менен де алыстайды, - деп жазғанмын. Әлі де сол мәнімді жоғалтқан жоқпын. Құдайға ризамын, шүкіршілік етеммін.

«Астана айнасы» газетінен Марат Дәдікбаймен әңгіме

 - Қазіргі «жаңа қазақтар» атанып жүргендердің әкелері, аталары бай болғысы келетін сезімдерін үнемі жасырып келгендер. Жаңа қоғамдық жүйенің еркіндігін көргенде, сол тұқым қуалап жасырынып жатқан меншіктік сезім лақ етіп ақтарылды да, ой мен сананың бәрін жаулап алды. Бірақ түбінде рухани тірлік ұлттың өзегі екенін түсінетін кездің туатынына сенемін. Бүгінгі таңдағы өнеркәсібіміз бен шаруашылық салаларымыздың тоқырауынан кедейшілік басып бара жатқаны, маңдай терін төгіп күндіз-түні жүгіріп жүріп тапқан азын-аулақ табысын шашудың мәні жоқ деген пиғыл кедергі. Ал, орыс ақсүйектерінің тарихы мен біздің қазіргі сәтімізді салыстыруға болмайды. Ойлы ұрпақ бәрібір келеді.

«Астана айнасы» газетінен Марат Дәдікбаймен әңгіме

- Қазақ елінің қай аймағында да өзімді өгей сезініп көрген емеспін. Халқым таниды. Жас-кәрі көшеде көрсе де көл-көсір сезімдеріне орап жатады. Мен Семейде не Шымкентте тұрсам да туған ауылымдай сезінер едім. Астана ұнайды. Мен үлкен қаладан гөрі шағын қалаларды ұнатамын. Халқы көп қаланың жақсылы-жаманды энергиялары сапырылысып, адамды жермен-жексен етіп жібереді. Өткен қыс бойы «Турист» деген қонақ үйде жаттым. Сол кезде қиындау болды. Бірақ төзуге тура келді. Тәй-тәй басқан тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа ел ордасы - Астанадан «үйрене алмадық» деп біз кетіп жатсақ, басқа жұрт не ойлайды?

Астана көлемі жағынан өсе бергенін қалаймын. Болшағына сенемін. Тәуелсіздігіміздің, мемлекетіміздің болашағы - Астананың болашағы. Оған сеніміміз жоғалса, халықтың ертеңіне сенімсіз қарау деген сөз. Енді 10-15 жылда Астана цивилизация дәуірінің перзенті болады деп ойлаймын...

1998
«Астана айнасы» газетінен Марат Дәдікбаймен әңгіме

- Талантты жастар, құдайға шүкір бар. Олардың дені ойлы, өлеңді жүрекпен жазады. «Шөп те өлең, шөңге де өлең, өлең де өлең, Аспанда ұшып жүрген боталы інген», - деп сөз құрастырушылар жоқтың қасы. Тек олардың шығармаларына газет-журналдардан орын аз жән сирек беріледі - басылымдардың бәрі қоғамдағы саяси топтардың қолшоқпары болып кетті. Кітап шығару жастар ғана емес, сарытіс таланттарға да шешілуі қиын шаруа болып тұр. Өмірдің қиындықтары шынайы талантты шыңдай түседі, іштегі қыжыл, зардаптардың запыраны өлең болып шықса деймін. Қай кезең, қандай қоғамда да шын талант өзінің сөзін айта білген, халық оны сол үшін сүйген. Жастарға өлеңдегі өжеттік пен сезім құдіретін тілеймін. Сезімі сарқылып, жаппай ақыл айтып, жалаң пәлсапаға көшу - талантсыздықтың көрінісі.

Айбатыр Сейтақпен әңгіме

- Жалпы, қазақ деген жаратылысынан сауда-саттықпен айналысуды намыс көрген халық қой. Бұл қасиет табиғатынан ақсүйек не енжар, еріншек адамдарда болады. Қазақта соның қайсысы екенін білмеймін. Мен өз басым тамақ, киім-кешек алу үшін базарға барған сайын біздің қыз-келіншектерді көріп, шаршап қайтамын, жүрегім ауырады. Жұмыс таба алмай сандалып жүрген жастар, азаматтар да маған көптеп келеді. Балалардың көбі білімнен, кітап оқудан жырақтап барады. Айтып отырғаныңның бәрі рас. Мен нарықтық қоғам жүйесінде жалпы халық түгелімен байиды дегенді кісі алдаушылық қағида деп ойлаймын. Бала мен қария, әлеуметтік сала, денсаулық пен мектепте білім беру - мемлекеттік қамқорлыққа ие болмаса, ол қоғам ешқашан оңбайды - азғана байлар мен миллиондаған құлдардың қоғамы болады.

Айбатыр Сейтақпен әңгіме

- Қазақтың қыз-келіншегі мен аналарының қабағынан ылғи қуаныш пен сүйіспеншілік жарқылын көргім келеді. Ондай жарқыл - олардың кішкене мемлекеттеріндегі бақыт пен үйлесімді тірліктің көрінісі. Ал, кішкене мемлекеттердегі жарасты өмір Атажұртымыздың мәртебесін құрайды.

Газет-журналдардағы әріптес іні-сіңлілеріме, оқырмандарға амандық, саулық тілеймін. Журналист бауырлар ылғи саясат құйынының арасынан ғана көрінбей, адалдық пен адамгершілік, жанашырлық, жақсылықты сатусыз жасау секілді тақырыптарға көбірек қалам тартса деймін.

2001
Айбатыр Сейтақпен әңгіме

- Халық ақын-жазушыдан әділ сөз, шындықты айтуды күтеді. Билік басында жүргендер жақтырмай қарауы мүмкін. Қазақта ақын-жазушылар ежелден ханға да, биге де қара халықтың мұң-мұқтажын, елдегі жағдайдың күнгейін де, көлеңкесін де жасырмай айтып келгені тарихтан белгілі. Бүгінгі сөз зергерінен халық сол дәстүрді күтеді. Батыл айтамын деп ананы да, мынаны да айтып, дау-дамай, ел арасына қобалжу, күдік тарататын, қоғамның береке-бірлігіне қылау түсіретін айқай-шу көтеру орынсыз, әрине. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» деген мәтел бар. Сөзге құлақ салатын, сөз қадірін зерделеп түсінетін ел болса, ол мейлі үлкенді-кішілі басшылар ма, қарапайым адамдар ма, мәселелерді айқай-шусыз сараптап, түсінікпен шешуге болады. Айқайлағанды батыр деп, сөз құрағанды ақын деп бағалайтындар бар. Бұл - қателік. Түсінік, талғамның саяздығы. Сондықтан жалған бедел, жасанды абырой мен шын мәніндегі зиялылықты ажырата алмаудан қолдан жасалған батырлар да, ақындар да көбейіп кетті. Ал әдебиет - халықтың мәдени, түсінік деңгейін тәрбиелеуші.

«Нұр-Астана» газетінің тілшісі Құралай Рахымбаеваның сұрақтарына орай

Ұлттық рухты айқаймен көтермейді. Оның дәні отбасында себіледі. Ал көркем әдебиет сол дәннің ары қарай өсуіне, бүршік атуына дем береді. Сонау Абай мен Махамбет, Сұлтанмахмұттардан бергі қазақтың ақын-жазушыларының барлығының айтып келе жатқаны - ел мен жерді сүйе білу, ата-бабаның тері төгілген туған топырақты қастерлеу емес пе? «Әлжуаз патриотизм» деген болмайды патриотизм болады не болмайды. Егер біздің елімізде патриотизм жетіспей жатса, ол біздің өзіміздің әлжуаздығымыз. Біз, қазақтар, көрсеқызармыз. Іргемізден құйын соқса, соның шаң-тозаңын жанымызға сіңіріп ала қоямыз. Оған қоса, шетімізден «жалпақ шешейміз». Қаңғуылдап біреу келсе, басымызға шығарып тайраңдатамыз. Қараңыздаршы: қазір біздің елімізде байлық қазанының құлағын ұстап отырған кімдер? Еврейлер, кәрістер, оған индустар қосылып жатыр. Олардың қара жұмысын істеп, тер төгіп жалшы болып жүргендер - қазақтар.

Екіншіден, біздің ұрпақ ес білгелі кеңестік патриотизмнің ұранымен тәрбиеленді. Кеңес өкіметінің жұрттың бәріне бірдей дерлік жалақы беріп, бірдей галстук таққызатын саясатына әбден еті үйренген халық рынок дәуірі туғанда не істерін, қалай күнелтерін білмей есеңгіреді де қалды. Оның үстіне өзіміздің тәуелсіз мемлекетіміздің шаңырағын көтерер тұстағы қиындықтар кім-кімге де оңай болған жоқ. Барлық мәселені ақша шешетін тосын дәуірге тап болдық. Сен патриотизм жоқ дейсің ғой. Ал сол аш-жалаңаш, жоқ-жұқа жылдарда тәуелсіздігіміздің туын қайтіп көтердік? Елін, жерін сүймейтін халық соншалықты табандылық, төзімділікпен азаттық туының астына топтасар ма еді?

«Нұр-Астана» газетінің тілшісі Құралай Рахымбаеваның сұрақтарына орай

- «Жастар сыйламайды» деп айтуға қиналамын. Олар аз оқиды-ау деп қауіптенемін. Үлкендер, яғни біздер тарапынан кемшілік бар екені рас. Талантты жастарды қолдау, әңгімелесу, бағыт-бағдар беру - үлкендердің борышы. Осы жағы жетіспейді.

Қазір жазушылардың, жастардың, жалпы зиялы қауымның емін-еркін кіретін, кездесетін орны жоқ. Бұл тек Астанада ғана емес, облыс орталықтарында да солай. Бәрі сатулы. Кеш өткізетін болсаң, бірнеше жүз мыңдаған ақша төлеуің керек.

«Астана хабары» газетінің тілшісі Нәзира Сайлауқызымен әңгіме

- Әйел бақыты бала-шағасымен, қасындағы сүйікті адамымен бірге болу. Ана бақыты - ұрпақ жалғастыру.

Жалпы, бақыт дегенді әркім әрқалай түсінеді. Біреулер бақытты ақшамен, байлықпен өлшейді. Мен үшін бақыт - балаңды адалдыққа, біреудің ала жібін аттамауға, өтірік сөйлемеуге тәрбиелеу. Қазір тәрбиенің өзі өзгеріп бара жатыр. Алдымен адамда таза адами қасиеттердің қалыптасуына, қанға, жанға сіңуіне ата-ананың тәрбиесінің маңызы зор. Одан соң мектеп, ал қалғанын көркем әдебиет қалыптастырады. Соңғы кездері көркем әдебиетті оқу азайып бара жатыр, интернет, теледидар дегендер алмастырып отыр. Он жерден интернет болса да кітапты оқығандай әсер бермейді. Мектептегі тест, интернет кітапхана дегендерге қарсымын. Ол адамды сөйлеуге, не ойлауға үйретпейді. Өркениеттің әкелген бұл жаңалықтары ұрпаққа жақсы емес деп ойлаймын.

«Атырау» газетінен Рита Өтеуғалимен әңгіме

 «Мен қазақ елінің перзентімін, елімнің, жерімнің тағдыры, болашағы тек маған байланысты» деген қыжыл әр көкіректе болмаса, «аштан өліп, көштен қалмаспыз» деп сылбырай беруіміз хақ.

Сосын біз өз пікірімізбен өмір сүрмейміз, ылғи біреулердің айтқаны, өзгелер өзеуреп сөйлесе, соныкі дұрыс екен деп аузымызды ашу түбімізге жетіп келеді.

Үшінші кесел - біздің ылғи бастықтар түшкірсе, жәрекімалла деп бас изеуге, жоғарыдан бұйрық күтуге әбден етіміз үйреніп, өз миымыздың әр клеткасын іске қоспайтынымыз. Енжар, салақ, өз үйіміздің шағын шаруашылығын оқсата алмай жүретін себебіміз осыдан.

Үйіміздің айналасы ақ шаңдақ, шарбағымыз қисайып, бала-шағамыз бүрісіп жатқанда, таң атпай базар кезіп кетеміз.

Әйелдің үйдегі, тұрмыстағы баласын тәрбиелеудегі жұмысы еленбейді. Үй іші, алақ-салақ, көшкен елдей болып жататын кейбір әйел жұмысында «озат», «жақсы қызметкер» атанып жүреді.

Бар тәрбие, адамгершілік, жанашырлық қасиеттердің бәрі ошақ басынан басталатынын біздің қоғамдық жүйеміз әйел теңдігі деген желеумен оның қара күшін пайдалану ниетінде ұмыттырды.

«Ақ босаға» газетінің редакторы Шолпан Ұғыбайқызымен әңгіме

- Өмір, әсіресе әйел жыныстының өмірі, ылғи қарама-қайшылық, кереғар тірліктен тұрады. Бірақ бұл өз-өзінен кететін кесел емес қоғам тарапынан көзқарас өзгеріп жөнделетін жай.

Мұндай қоғамда әйел мәселесі шешіле қояды деу күлкілі және үкімет басшылары немесе әкім-қара біздің жағдайымызды түзейді деп күту - тіпті қателесу.

Йогтар жүйесімен айналысатындардың әрқайсысы жеке-жеке жан дүниесін тазартуға ұмтылады. Сол секілді, әр әйел өзі ұмтылып, өзі ізгілік себуге тиіс. Мысалы, қараңғы түнекте иненің жасуындай бір сәуле көрінсе, әлгі қараңғылықтағы бар тіршілік соған талпынады. Әйел заты - сәуле-шуақтың ұясы, жылу көзі.

Әркім, әр әйел азынаған тірлікте өздері қорған болуға тиіс. Қазіргі ақыл мен сананың әкетілуінен қасірет шегіп отырған дүниеде әйел ғана тірек бола алады.

Әйелді қорғаушылар аспаннан түсе қалмайды. Дүниеге сәби әкелетін әйел. Сол секілді әлемге жылу беретін де әйел.

Біздің қоғамымыз әйелдің қолын жылы суға малып отырғызатын деңгейде емес.

«Ақ босаға» газетінің редакторы Шолпан Ұғыбайқызымен әңгіме

- Өкінішке орай, біздің жүзге бөлінуімізді өзге жұрттар әбден зерттеп біліп алған. Мемлекеттің бірінші эшелонында кімнің жүзінің орыны мықты адам болса, айдалада жүрген біз секілді әдебиет, өнер адамдарының тағдыры соған қарап шешіледі. Бұдан халықтың ішіндегі ыза дертке айналып асқынады.

«Ақ босаға» газетінің редакторы Шолпан Ұғыбайқызымен әңгіме

Қазір мына теледидар дейтіннің өзі тажал болып алды, кітапты ығыстырып. Мен өзімді «адал адаммын» деп есептеймін. Мені білетін адамдар да, халқым да солай қабылдайтын болуы керек. Егер менің бойымда осы адалдық, өтірік айтпау, сертті сөзінде - уәдесінде тұру, біреуді алдамау, адамның сыртынан ғайбаттамау (айтсаң бетіне айт, «сен жамансың, мына мәселең жаман» деп), өтірік айтпау сынды қасиеттер болса, анамның сүтімен, әкемнің қанымен келген нәрсе. Қалғанының бәрі әдебиетпен сіңді деп ойлаймын. Мұны кез келген жерде айтып та жүрмін.

Өсімдік екеш өсімдік те өседі емес пе: шөп пе, гүл ме, терек пе... Бүр жарады. Содан кейін оған ылғи су құйып, күннің шуағын жеткізіп, нәр беріп отырмасаң, бәрібір қурап қалады. Адамның қасиеттері де сондай. Адамның жалпы табиғаты сондай. Ал адамзатқа рухани нәр беретін, адамгершіліктің, тазалықтың, сезімталдықтың нә­рін беретін теледидар емес. Теледидар - тек роботтарды - жанды қуыршақтарды дайындауға қызмет ететін дүние.

«Айқын» газетінің тілшісі Жандос Бәделұлымен әңгіме

- Қала адамды, оның керемет сезімдерін күстендіреді. Жан әлемін тарылтады, адамдардан алшақтатады, жүй-кесін мүжиді. Ойымша, Алла тағала адамды топырақтан жаратқаны рас болуы керек. Жалаңаяқ жер баспағасын, адам ең қажетті қоректердің бірінен, яғни жердің беретін жылуынан айырылады. Қаладағы адамның тырысқақ келетіні осыдан-ау деймін.

«Жас қазақ» газетінен Маржан Ершумен әңгіме