Бас Орда
Тарихқа үңілсек, қазақ даласының қай бұрышында да бабаларымыздың ел үшін, жер үшін жан беріп, жан алысқан күрестерінің шаң астындағы іздері жатқандай. Аталарымыздың қаны тамған жер ме, әйтеуір теміреткідей тақырлардағы жебелерінің әсем құйылған ұштары мен өзге елдердің саяхатшылары мен тарихшыларының жол үсті жазбаларынан ұлтымыздың өткенін іздейміз, қолға ұстап,көз тоқтататын ештеңе таба алмай, әрқайсымыз тұспалдап ұлт тарихын жасаған боламыз.
Біз негізінен тарихы жоқ халық секілдіміз. Үп еткен жел сүртіп отыратын құмдағы іздер секілді шежіре-шындықтың бәрін ұлы даланың саяхатшы-желі өзімен ілестіріп әкеткен. Тұспалдап тарих жасауға болмайды.
Қазақ халқының мемлекет болып қалыптасуы, жер шарының бір нүктесінде осындай ұлттың бар екендігі ХХ-ХХІ ғасырлардың тоғысында әлемге аян бола бастағаны да - тарихи шындық.
Мен сонау бір жылы бір топ жастардың тобын бастап, Шығыс Германияға барған едім. Сонда Кеңес Одағы деген алып мемлекетке ниеттес ел болып саналатын Герман Демократиялық Республикасының жастары кездескен жерде «біз Қазақстаннанбыз» десек, «қазақтар кім, Кеңес Одағының моңғолдары ма?» деп сұрайтын.
Әрине, олар моңғол ұлтын Шыңғысхан арқылы біледі.
Өзара қырық пышақ болып, билікке, байлыққа таласқан балаларына ие бола алмаса да, Шыңғысхан ақсақал өз ұлтының атын адамзат тарихына жазып кетті. Бірақ оның соңынан не қалды? Ұлтынан басқа еш нәрсе қалған жоқ. Оның Шыңғысхан есімін жалғастырып келе жатқан да - сол моңғол ұлты. Әйтпесе, Шыңғысхан басқа ұлттардың қайсысына керек дейсіз - баяғыда-ақ ұмыт болар еді.
Міне, біз өзіміздің халық екенімізді, тіліміз бен мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, жөн-жоралғымыз бар Қазақ елі деген мемлекетіміздің көгілдір туын тігіп, еңсемізді көтеріп ес жиғанымызға, тарих-қарияның ұлы шежіресіне енгенімізге көп жылдар өтпесе де, енді-енді түсініп жатырмыз. Ұлтымыздың тарихын өз қолымызбен жасаудамыз.
Мұндай тарихи бастаудың басты куәсі - Астана қаласы.
Мемлекетіміздің бас қаласы атанған күннен астананың тұрғыны ретінде осы өңірде болып жатқан істердің куәсі екендігімді мақтан етемін.
Біз далада өскен даңғаза халықпыз. Даңғазалықтан болу керек, үлкен-кішіміз болып тәуелсіздік деген ұғымның қасиетін әлі түсінбей, құнын білмей жүргендейміз.
«Астананың он жылдығын мейрамдаудың қажеті қанша» деп күңкілдегендерді де естіп қаламыз.
Қазақ елі деген мемлекеттің бас қаласы Астананың жұлдызы Жер шарының картасында жарқырағанына он жыл толуын халықаралық деңгейде атап өтудің Елбасымыздың жеке басына немесе мансабына қажеті жоқ. Бұл - тәуелсіз мемлекетіміздің береке-бірлігін, халқымыздың мұрат-мүддесін ел болуымызға әлі де күмәнмен қарайтын кінәмшіл әлемге көрсету үшін жасалып жатқан шара. Елдік шара.
Адам баласының табиғатында бір тойымсыздық бар. Өз басым Колбин марқұм кетіп, еліміздің басшысы болып Назарбаев тағайындалғанда өлген әкем тіріліп келгендей жүрегім жарыла қуанып, қарауымда жұмыс істейтін жастарды жинап, мәре-сәре болғанымыз есімде. Сосын отырып алып, өзімізді өзіміз басқаратын тәуелсіз ел болар ма екенбіз деп армандадық.
Шын тілесе, орындалмайтын арман болмайды екен. Халықтың тілегі періштенің құлағына шалынды. Ал арман әлі таусылар емес.
Бай адамдардың байығанның үстіне байи түссем деген пиғылдарын енді түсінгендейміз.
Астана тұғырына қонып, қанатын қомдаған алып самұрықтай келбетімен көз тартып көркеюде. Қаланың сән-салтанаты үлкен-кіші тұрғындарының ішкі мәдениетімен үндесіп жатса деп армандаймын.
Баяғыда Алматының қақ ортасындағы мейрамханада қарттарға арналған үлкен зал болатын. Онда қойдың басын мүжіп, қымыз, шұбат ішіп, әңгіме шерткен қарияларды көретінбіз! Аласа үстелдердің жанында малдас құрған кісілердің әңгіме соғып отырғандары мектеп бітіргесін оқу іздеп Алматыға келген бізге ауылымызды еске түсіріп, бір түрлі ыстық көрінетін.
Бір кездері Атырау қаласының басшысы (ол кезде қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы) болған, есімі елімізге белгілі азамат Равиль Шырдабаев қаланың әр бөлігінде жастарға арналған аула клубтарын ұйымдастырып, жастардың оқудан, жұмыстан тыс кезде қоғамдық іспен айналысуына, жоспарлы жұмыс жүргізіп, құқық қорғау органдарына көмектесулеріне жол ашқан еді.
Өткеннің бәріне қол сілтеу әбестік. Әр кезеңнің, әр заманның жақсы жақтарын пайдаланғаннан ешкім жапа шекпейді.
Қалада көрші есіктің арғы жағында кімдер тұратынын білмейсің. Тұрғындардың мүддесіне қарай (таныстар, әріптестер дегендей) алдын ала келісіп, тұрғын үйлер салынса қандай жақсы. Мысалы, Қытайда жазушылар бір үйде, журналистер, әртістер, суретшілер де осындай, мүдделеріне орай тұрады екен.
Астана - жаңа қала. Шығыс мемлекетінің астанасы. Бірақ есік алдында немесе үй жанында әңгімелесіп, демалып отыратындай мүмкіндік ойластырылмаған.
Қазақтың даласы ұлан-ғайыр. Қазақтардың өздері де даласы секілді жан әлемі кең халық. Осы кеңдік бас қаламызда да көрініп тұрса деп армандаймын.
Біздің халқымызда «ақсақалдық» деген ұғым бар. Елдің ақылгөй даналары бас қосып, түрлі мәселелерді шешіп отырғаны ежелден белгілі. Бірлігі жоқ ұлт - ғұмырсыз. Ал бірлікке шақыратын, жастарды тәрбиелейтін, халқымыздың ұмытылып бара жатқан салты мен түрлі жоралғысын олардың есіне салатын сол үлкендер.
Өмір бар жерде өлім бар. Кісі қайтыс болғанда да шатыр не киіз үй тігіп шығарып салады. Бұған да орын керек.
Сырты жылтыраған тұрғын үйлердің аула жағына көз жіберсең, қоқыстан аяғыңды алып жүре алмайсың. Қоқыс салатын қораптардың айналасында көк шыбын қаптап, иіс-қоқыстан демің тарылады. Ал шет елдерде осының бірі жоқ. Меншікті пәтер иелері кооперативтерінің жұмыскерлеріне көмек көрсететін тұрғындардың қоғамдық ұйымдарын құрып, аудан әкімдігі тарапынан міндеттесе жөн болар еді. Өйткені, біз ылғи жоғары орындардың бұйрығымен жүріп қалғандармыз, оларсыз ешкімге ешкім құлақ салмайтыны белгілі.
Жаңа мемлекеттің жас астанасы барлық жағынан қазіргі заманымызға сай болуы үшін оның тұрғындарының әрқайсысы мәдениеті мен еңбегі арқылы өз қаласына, оның көркеюіне үлес қосуы тиіс.
Тәуелсіз Қазақ елінің тұңғыш Президенті өз мемлекетінің астанасын көшіру туралы алғаш ұсыныс жасағанда, біраз жұрттың қош көрмегеніне қарамай, табандылықпен өз пікірін елге мойындатқаны халыққа да, тарихқа да аян. Мұхит асып не Еуропаның ел-жұртын араламай-ақ, өзімізге таныстау тұлғаларға көз жүгіртсек, Абылай хан қазақтың басын қосуға талпынған ниетімен, Ататүрік түрік жұртын ұлттық мемлекет ету жолындағы жанкештілігімен, Шыңғысхан жаугершілік саясатымен тарихта қалса, Назарбаев жер шарында тұңғыш рет Қазақ елі деген мемлекетті құрып, оның бас қаласы Астананы дүниеге келтіруімен қалады.
Астана - Президентіміздің төл перзенті болса, оның тәрбиешісі - халық.
Еліміздің барлық аймағы астананың он жылдығына орай қаланы көркейтуге, өзге жұрт еліміздің бас ордасы арқылы мемлекетіміздің мәртебесін көретіндей болуына үлес қосып жатқаны қуантады.
«Астана күні» мерекесінің заңдастырылғаны да дұрыс болды деп ойлаймын.
Қазақ қазақ болғалы мемлекет ретінде ту көтеріп, әлем мойындаған, оның бас қаласының Жер шарының картасынан жұлдызы жарқырап орнын алған күні шын мәніндегі Мереке емес пе!
Ф. Оңғарсынова «Сыр-сұхбат» - Алматы: Атамұра, 2013.