- Фариза апа, Сіз қазақ поэзиясына жаңа көзқарас әкелген, өн бойында өр рухтың жарқылы ойнаған, айналасында сәруар сезімнің самалы ескен ерекше әлемі бар ақынсыз. Сізді ең алғаш ерекше әсерге бөлеген қандай кітап?
- Біржан мен Сараның айтысы. Оны мен мектепке бармай тұрып оқығанмын. Аға, әпкелерім үйде көп кітап ұстайтын. Айтыс деген (атын ұмытып қалаппын) үлкен кітап болды. Құлмамбет пен Жамбылдың айтысын да қызығып оқитынмын.
Сараның (бұл айтысты Әріп ақын жазыпты деп жүр ғой біреулер) түйдек-түйдек жыр шумақтарын рахаттана оқығаннан мен алғаш рет ер-азаматтардан кем түспейтін қыздар да болады екен-аудеп таңданғанмын.
- Әр тұлғаның өзінің кітап оқу әдісі бар екенін білеміз. Кітапты қалай оқисыз, апа?
- Кітап оқитын ерекше әдісім жоқ. Біздің балалық, жасөспірім шағымыз кітап оқумен өтті. Ол кезде теледидар деген атымен жоқ болатын және біздің заманымызда кітап оқу ана сүтіндейтәтті еді. Басқа тілден аударылған кітаптар да көп еді. Біз кітапты таңдап-талғамай оқи беретінбіз.
- Кез келген адамда бала кезінен оқып жүретін жанына азық, жүрегіне жақын бір кітап болады ғой... Сіз қандай кітапты қайта-қайта оқып, әлі күнге дейін тамсанып тастамай жүрсіз?
- Ауыз әдебиетінің туындыларын әлі күнге дейін анда-санда бір қарап қоямын. «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш - Баянсұлу» секілді лиро-эпостық жырлар, сосын «Алпамыс», «Қобыланды батыр» жырлары мен баяғы айтыстар.
- Әрбір ақының жеке «лабораториясы» бар. Өзінің оқитын кітаптары бар. Сіздің жеке кітапханаңыз жайлы білгіміз келеді... Қай жасыңыздан бастап кітап жинадыңыз?
- Ой, мен ондай мұқият адам емеспін. Бала кезде аға, әпкелерімнің жинаған кітаптарын мүжіп жүрдім, үйдегі көп кітаптар орысша еді. Әлі есімде, Л.Толстойдың «Анна Каренинасын» тісім өтпесе де ежектеп оқи беретінмін.
Ал, өзіме ұнаған шығармаларды студент жақтың соңғы жылдарында ғана жинауға тырыстым. Әлем классиктерінің толық жинақтары дегендей. Қазір үйде көп кітап ұстамаймын, кітапханамды балам Алмасқа сыйға бергем.
- «Кітап ұрлау ұрлыққа жатпайды» дейді ғой. Сіз кітап ұрлап көрдіңіз бе? Мәселен, студенттік кезде...
- Жоқ, ешқашан кітапты да, басқаны да ұрлап көрген емеспін.
- Сізге сыйлыққа кітап әкеле ме? Мереке, туған күн... т.с.с.
- Мәскеуде Александр Косоруков деген досым бар, сол кітап сыйлады. Мысалы, «Агни Йоганың» томдары, Әл-Фарабидің толық жинағы секілді өзім сүйіп оқитын шығармаларды жіберіп тұрады.
Өздерінің кітаптарын ұсынатындар да көп, бірақ арнаулы мереке-мейрамға немесе туған күнге кітап сыйлайтындар ілуде біреу.
- Өз кітабыңызды өзіңіз оқитын кездер бола ма?
- Өз кітабымды жиі-жиі қарап оқып тұрамын.
- Жақында оқыған кітабыңыз?
- Қазақ әдебиетінің тарихында ерекше орыны бар, әдебиетімізді әлемдік дәрежеге көтеруге, дүниежүзі оқырмандарына қазақ ақын-жазушыларын таныстыруға жанын салып қызмет еткен Әнуар Әлімжанов деген ағамыз болды. Өткен жылы туғанына 80 жыл толып еді, бүгінгі қоғам үнсіз қалды. «Махамбеттің жебесі», «Жаушы», «Дороги людей», «Сувенир из отрара», «Көгілдір таулар» деген роман-повестерінің бәрінде халқымыздың рухын көтеру, тәуелсіздік жолындағы балаларымыздың күреспен өткен өмірі баяндалады. Менімен қатар, кейін шыққан ақын-жазушылардың шығармаларын орыс тіліне аудартуға көп. қызмет еткен Әнуар Әлімжанов болатын. Сол кісінің «пілдің баласы» деген әңгімесін және Лондонда 1990 жылы өткен Ядролық қарусыздандыру ұлттық комитетінің конференциясы мен Ұлыбританияның қауымдар палатасында «Атом күліне көміліп қалмайық» деген тақырыппен сөйлеген сөзін оқыдым. Әнуар ағамыз орыс тілінде жазатын, бірақ оның үлкен-кіші әр шығармасында қазақы қан, ар мен намыс бұрқырап аспанға атып жататын.
- Бүгінде дәстүрлі кітаппен қатар аудио кітаптар да кең таралып, өз оқырмандарын табуда. Мұның артық-кемі туралы айтарыңыз бар ма?
- Өткенде Ақтау қаласынан Астанаға ұшқан самолет ішінде жанымда отырған бір жас жігіт үлкендігі, көлемі орташа ғана кітаптай бірдеңені сөмкесінен алып оқып отырған. Шамасы, аудиокітап деп отырғаның сол шығар.
Мен өткен ғасырдың түлегімін ғой, цивилизация дәуірінің туындыларына құлқым жоқ. Компьютер, интернет дегендерге жақындаудан аулақпын.
Менің негізгі адами принциптерім: адамға ақыл-парасат, адалдық, адамгершілік, жанашырлық, намысқойлық секілді қасиеттер ана сүтімен сіңеді, содан кейін көркем әдебиет шығармалары арқылы толығады.
- Кейбір ақын-жазушылардың жеке кітапханасында өзінің каталог, картотекасы болады екен. Сіз іздеген кітабыңызды тез тауып алу үшін қандай тәсіл қолданасыз?
- Ондай тәсіл де, картотека, каталог дегендер менде жоқ.
- Кейбір адамдар кітапқа сараң болады немесе кітаптарын қызғанады, ешкімге бермейді, ұстатпайды. Сізде осындай «қасиет» бар ма?
- Жоқ ондай «қасиет» менде жоқ. Кейде біреулер кітаптарымды алып кетеді екен, оны кейін біліп жатамын. Бірақ бұл жөнінде ұрыс-керіс, жаманаттасу болып көрген емес.
- Фариза апа, автор мен кітап, кітап пен оқырман, оқырман мен автордың бір-бірінсіз күні жоқ. Қазіргі жастар кітап оқымайды деп жатамыз. Бәзбіреулер «кітаптың дәурені өтіп бара жатқан секілді...» дейді. Сонда бұған кінәлі талантсыз авторлар ма? Жоқ, әлде кітап тиражының мардымсыздығы не сапасыздығы ма? Немесе қазіргі адамдардың уақытын ақша таптап, жеңіл-желпі интернеттік ақпаратқа құштарөресіз оқырмандардың көбеюі ме?!
- Әдебиетте талғам жоқ. Бәрін ақша шешетін заман туғасын, қалталы жұрттың бәрі том-том кітап шығаратын болды. Біреу ата-бабасын мақтайды ал, біреулер өмірбаянын жазады дегендей. Олардың кітаптары толған анекдот па, адамның жүрегі айнитын кілауыз сөздер ме - бәрі бір. Айтып отырған пікірлеріңнің бәрі дұрыс. Әдебиет оқырманның тәрбиешісі. Әдеби шығарма ортаңқол оқырманға түсінікті болу үшін оның деңгейіне түспеуі керек. Ә дегеннің бәрі Әміре емес, кітап шығарғанның бәрі ақын не жазушы емес екенін қалың оқырман ұқпайды. Арзан, түсінікті дүниесымақтарға қол соғады.
- Қазіргі қазақ баспагерлерінің жұмысын қалай бағалайсыз?
- Өте нашар бағалаймын. Менің пікірім - әр баспаның жанында редакциялық кеңес болғаны дұрыс. Талғамсыз дүниелерді үйіп-төгіп шығарып, макулатураны көбейткеннен пайда жоқ. Әрине, баспагерге пайда түседі. Баспаның беделі болу керек. Бедел деген аспаннан түспейді, тек шын мәніндегі көркем шығармаларды таңдап шығарса ғана беделге ие болады. Қазіргі баспалардың ішінде «Аударма» баспасы тәуір.
- Шетелде әрбір қаламгердің шығармашылық кешін өткізіп, кітабын таратып, сатумен айналысатын әдеби-агенттер бар. Осы мәселені көтеріп жүргендер жетерлік. Бізге бұл қажет пе?
- Шетелдің әдебиетшілерімен араластығым жоқ. Егемендік алғаннан бері әдеби кездесулер дегенді өз басым естіген емеспін. Жазушылар Одағының басшылары араласатын болса керек. Әдеби-агент болады ақын-жазушыларға қызмет ететін дегенді өзіңнен бірінші рет естіп отырмын. Егер ондай агенттер болса тек бай жазушыларда болатын шығар, себебі ақша төлеу керек қой оларға. Бізде ондай жазушы не ақын бар деп ойламаймын. Бұрын әдебиетшілер бюросы деген үкімет қаржыландыратын мекеме болатын, ол жазушылардың халықпен кездесуі үшін іс-сапарлар ұйымдастырып қаражат төлейтін. Егер сол секілді мекеме болса бір сәрі, ал жеке жазушы агент ұстауы бізде мүмкін емес.
- Балаларға арнап көптеген өлеңдер жаздыңыз. Балаларға арнап кітап та шығардыңыз. Балаларға арналған кітаптар туралы айтыңызшы... Еліміздің қай қаласына барсаң да балаларға арналған қазақша кітап табылмайды...
- Қазақта балаларға арнап ешкім дүние жазбаса, мен не айтамын. Бердібек Соқпақбаев ағамыздың «Менің атым Қожа», Марк Твеннің «Том Сойер мен Гекльберри Финнің басынан кешкендері» секілді ұлы дүниелер жоқ. Гарри Поттер деген бір сұмырай шығып, жұрттың бәрін есалаң етіп болды.
Балаларға арналған шығармалар өз деңгейінде бағаланбайды, оларға мемлекеттік сыйлық берілмейді. Қазіргі заманға лайық ертегілер, бастауыш класс мұғалімінің күнделігі секілді дүниелер жазылса ғой.
- Кітап басу, оқу мәселесі жайлы жеке ұсынысыңыз?
- Қазіргі базар экономикасының заманы талғампазсыздыққа, жақсы мен жаманды ажырата алмауға тәрбиелеуде. Ана бір жылы мен елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына мемлекеттік бір баспа болу керек, оның жанында редакциялық беделді кеңес болғаны дұрыс, ол баспадан тек биік деңгейдегі шынайы дүниелер шығар еді деп ауызша ұсыныс айтып едім. Әлі де сол пікірдемін.
Бұрын мектептерде, ауылдық, аудандық, облыстық, республикалық кітапханаларды әдеби конференциялар, викториналық кештер ұйымдастырылатын. Қазір олардың бәрі ұмыт қалды. Теледидар каналдарынан ақын-жазушылардың кештері көрсетіліп тұратын. Оларды халық соншалықты ықылас-ынтамен сүйсініп көретін. Мұның бәрі халықтың рухани өсуіне, жастарды тәрбиелеуге арналған құралдар еді, амал не, бұл күнде оған мән берілмейді.
Кітап оқымаған адам - тамырсыз қаңбақ. Өркениетті мемлекет болу үшін жеке пенделерді ғана байытып отырған материалдық байлық емес, ол мемлекет адамдарының рухани байлығы керек. Кітап - сол рухани байлықтың негізі бөлімі.
Сұхбаттасқан: Бауыржан Қарағызұлы
«Кітап патшалығы» журналы