«Өлең, мен сені аялап өтем...»
Дара күндерімнің,
нала түндерімнің
серігі болғаның үшін,
сенімі болғаның үшін
мен сені аялаймын.
Біреудің пасықтығынан,
біреудің жасып мұңынан,
жүрегім сыздаған кезде,
жаным мұздаған кезде
мен сені саялаймын.
Біреудің күлкісін көріп,
бақыттының түр-түсін көріп,
шаттанып қалған шағымда,
жеткендей арман-сағымға,
қуаныштан дірілдеп денем,
алдыңа күлімдеп келем.
Ажалмен айқасқан сәтте
қыршын жас көз ілгенін көріп,
өткінші сезімдерді көріп,
кешегі "доспын" дегеннің
минутта жерінгенін көріп,
кімнен өшімді аларымды білмей,
кімдерге кінә тағарымды білмей,
алдыңа лапылдап келем,
жарылуға жақындап келем.
Өмірдің өткелдерінен
қиындық көп көргеніммен,
өртеніп от басқаныммен,
өзіңмен қоштаспадым мен.
Күлкімді, жайлы күнімді,
азапты, қайғы-мұңымды
өзіммен бөліскенің үшін,
қатем мен жеңістерім үшін
менің мынау қиындау тағдырым болып
о баста көріскенің үшін
Өлең, мен сені аялап өтем!
/Өлең/
Жұрт мені қатал дейді,
найзағайдай мінезі шатырлаған,
біреулері айтады акыл маған:
өркөкірек, тәкаппар, менменсіген...
ұнатпайды дәл мұндай ақынды адам
(одан сайын мен шіркін қатуланам).
Біреулер қиялдайды:
мұндай адам ешкімді сүйе алмайды;
өтірік өлең жазады талықсыған,
қайдан ғана бал сезім таныс бұған?
(Түсініксіз қалпыммен байғұстарды
ойларымен өздерін алыстырам).
Біреудің жаны ашиды: ол ақын ғой өзгеше,
дара сыйлы: ал ақындар сезеді барлығын да,
ақылды да болады, данасиды.
Жастар -
жара түспеген жанына әлі түсінгендей
жанымды табынады;
менің асқақ әм мұнды жырларымды
іздеуі хақ солардың, сағынары...
Мен кешпеген дүние жоқ екенін сезеді олар.
Сезеді бәрі-бәрі.
Мен солай көрінемін,
Жер секілді құбылтқан өмір өңін.
Міз бақпайтын адамдай жүре берем
күйіп-жанып жатса да төңірегім.
Білмейді жұрт (білмесін көңіл емін)
Менің барлық бал қылық, нәзіктігім сенің
ғана алдыңда төгілерін!
/Жұрт мені қатал дейді.../
Мен - қайықпын теңізде шыр айналған,
күйім - қоян бүретін құмай-жалған.
Теңіздердің тұнығын кешсем деп ем,
жағадағы жиіркеніп лайлардан,
лай көрсе, мендегі жылайды арман
Теңіз - дүлей, тап берсе дауыл - дұшпан,
күйім - қалқан соғылған ауыр қыштан.
Жер де - теңіз, көк - теңіз, жапа-жалғыз
ағыстардың шудалы жалын құшқам,
естілгендей болды бір сағынышты ән.
Жеттің сонда. Жеттің сен қалай маған?!
Күйім - қаңбақ дауылды қар айдаған.
Жамбастаған қайығым жөн түзеді желкен
керіп. Күн шықты арайлаған, дауыл емес,
сұлулық бар айналам!
Ақ желкені өзің боп тағдырымның, сіміремін
теңіздің таңғы нұрын. Ақ желкенді қайығым
- алтын қойма, ұмытылды бұрынғы жарлы
күнім, байлық кешіп өткендей бар ғұмырым.
Жүрегінде - от сезім, тұлғаңда - айбын,
жанарыңнан саркылмас нұрды аңдаймын.
Жел айдаған тұмандай барады ұшып мені
мәңгі қамаған мұңдар қайғым.
Келбетімнен Күн шығып кең әлемде,
"кемесіндей дарияның бұлғаңдаймын!"
/Мен - қайықпын.../
Мен бір қызық адаммын:
қатал тағдыр сілкілеп мың сынаған,
құлап-тұрып, сонда да тыншымаған.
Жұртқа деген ызадан булыққанда,
сені орынсыз азаптап ұрсып алам.
Сен асқақсың - білемін. Маған ғана иіліп
кішіресің (иілу де бұл күнде кісіге сын).
Қуаныштың мен үшін не екенін бұл
жалғанда сен ғана түсінесің.
Жыр жазбасам, жабығам,
онысыз маған дүние жел өтіндей,
жұрт ұқпайды - жүрем мен неге күлмей.
Ал сен болсаң, қайрайсың, құлшынтасың,
содан саған бір пайда келетіндей.
Жандар көп қой
жанашырсып жүретін көтермелеп...
жанымдасың, болғанмен мекен бөлек.
О, мен кейде қорқамын көп ішінде
жалғыздықтан жарылып кетем бе деп...
Мен өзгенің көзіне
асқақтаған адуын, мұңсыздаймын,
ұқпайды олар - көзімде тұнсын қайғым.
Жыласам да, күлсем де мен, әйтеуір,
сенің ғана алдында қымсынбаймын
Сен жақынсың жаныма, мейлің тіпті менімен
күн-түн егес, өзгелермен күлгенім - күлкі де
емес. Дос көп болсын деседі-ау.
Сендей достың көп болуы адамда мүмкін емес...
/Мен бір қызық адаммын.../
Жұртқа жағар құлкым жоқ өзімнің де,
құлақ аспай ақ ниет, көңілді үнге
(өз-өзімнен құдірет сезінердей) керек менің
өзім де, сөзім кімге? Сабырлылық көрсетер
жерде маған маңайламай қояды төзім мүлде.
Жанымдағы мұзымды, мұңымды үккен
өкпелетем достарды қыңырлықпен.
Сезе тұрып қатемді, иілмеймін,
темір сынды мендегі жұлын біткен.
Құдай атқан мінезді көрсеттім-ақ
адамдарға жанымның сырын күткен.
Өзімшілдік ізеттің жұтып әнін,
содан жанды қинауда үкім-арым.
Жақсы көрген сезімді сезген сайын
ақымақтау тақсырдай құтырамын.
Қайшылықтан соқтыққан бұл мәнімнен
Қашан, қалай, білмеймін, құтыларым.
Тыпырлатып тастаса торға сені,
көрер едім кейпіңді сонда, сері!
Мықты сезер өзі-өзін адам, егер
мақтан тұтып, қастерлеп, қолдаса елі.
Мені аялар жандардың сезімінсіз
мінезім де, мәнім де болмас еді.
/Жұртқа жағар құлкым жоқ өзімнің де.../
Өлең жазам өзімше данышпансып,
жандай менен баскаға намыс таңсық.
Жарамаймын сөйтсем де құлап жатқан
саз-балшықтан алуға танысты аршып.
Теңдесі жоқ ойшылмын, сөзім - дана,
«ұсақталма» - айтарым, - «төзім жама!»
Басқаға ақыл беруде, сын тағуда
менен мырза адам жоқ - өзім ғана!
Жүрсем деймін жұрт жетпес бағаны алып,
қарсы келмес өмірде маған анық
біреулерді жинап ап айналама,
көсем болып отырам дараланып.
Ұнағым кеп тұрады көпке менің,
сезгіш, сырбаз ортаға беттемедім.
Ойы терең, дана акыл жанар керсем,
құтым қашып, ішімнен жек көремін.
Салмақтымын - қопарсын неше сең кеп,
маған жақын жүргендер есесі өрлеп.
Көмей көргіш ортада жақ ашпаймын,
талғап айтар дана адам десе екен деп.
Өкпелімін халқыма жүрмей түйреп
мен секілді тұлғаны Күндей сирек
тас төбеңе шығарып, хан көтеріп,
тайраңдатып қоюды білмейсің деп.
Көре тұра жандарды еңбегі шың,
кердеңдеймін еректей елден ісім.
Қалу үшін Адам боп, өз кеудемнің
менмендігін баса алсам - сол жеңісім!
/Өлең жазам өзімше данышпансып.../
Мен әлі нүкте де емен, үтір де емен,
қидаймын жаңбыр сіңіп, түтіндеген.
Шаршаймын оған қоса, адамдардың
бәрінен кесек мінез күтуменен.
Ойнайтын қас жүйріктің құлағында
балаушы ем бар қазақты қыран ұлға;
ой терең, жаны биік жасқанардай шың ба,
әлде шыңда есетін шынарың ба.
Қапасты қақ суымен тастар көміп
жүремін жұрттың бәрін аспан көріп.
Төбеме аспандардан жасын түсіп,
аттанып жүрем жиі мақшарға өліп.
Көңіліме көп адамдар нұр құйыпты,
кердеңдеп кейбіреулер мұң да ұйытты.
Тауы мен кеңдігі мол мынау Жерде
күтумен келем әлі шын биікті.
Деп жүріп: басым - шың да, сойыл -
денем, сезімім дариядай, ойым да ерен,
өлшеппін биік пенен аласаны
өзімнің жалғыз қарыс бойымменен.
Бірі екем мен де көптің иық керген,
бірак та бір шындықты түйіп келгем:
биікті байқау үшін өзің биік
болуың керек екен биіктерден.
/Мен әлі нүкте де емен, үтір де емен/
Өлең көп деп біреулер жазғырар ма
махаббат, сезім жайлы.
Олар, әттең, мендегі жазды ұғар ма жолдар
келіп тұрғанда өзің жайлы.
Өзің жайлы -
өкініш, өсегі мен құштарлығы тағы
мол өмір жайлы: құштарлығым күн сайын
өседі де, қуаныштан тәттірек со бір қайғы.
Өмір - сенсің, бар жұртты ұмыттырып, өзіңді
құштыратын.
Ішіп-жеген жанарыңды үміт қылып,
күттіретін біткенше күш-қуатым.
Сенсіз жырмен жоқ менің тілдеспегім,
қайтем енді біреулер оны ұқпаса...
Бұл күнәкар тірлікте жүрмес те едім, өзіңмен
жолықпасам.
/Өлең көп деп біреулер жазғырар ма.../
Мен жалындап өтемін
қариялардың қимайтын жас шағы болып,
балапандардың талпынар асқары болып, ару
қыздардың аңсаған арманы болып, асқақ
жандардың алаулы таңдары болып;
жиырмада жесір қалғанның аңсары болып,
сүйіскендерге көз ілер таңсәрі болып...
Мендегі арынды екпінге дауыл көрмеген
бишара жандар жатсын бір тамсанып өліп.
Мен келемін өтсем деп армандарды асып,
алаулы жаным арайлы таңдарға ғашық.
Жаныма серік болуға жарай алмайды жүйрік
жылдарға ілеспей қалғандар жасып.
Мен талпынбаймын
топастықпенен күн көрер тыныш тұғырға,
арам ойлармен сақтаман қылышты қында.
Жырларымды оқып құлшынсын оты бар
жандар уақытпен бірге өлмейтін бір іс
қылуға.
Жүрмесе болды адамдар
тұлғамды менің шатасып басқаға таңып,
жасықтар жүрсін, кездессе, жасқана қалып.
Несіне жүрем әйтпесе қара жерде мен
жиырмасыншы ғасырдың жас шағы
атанып!...
/Мен жалындап өтемін.../