28 сәуір күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жерлес жазушы, сыншы, ұстаз Рақыш Айзат Серікқызының «Сырға толы Айзат әлемі» атты шығармашылық кеші өтті.
Айзат Рақыш – соңғы проза әлемінде тың тіркес, жаңаша сарынымен ерекшеленген жас қаламгердің бірі. 2015 жылы «Өлгендер қайтып келеді» тұңғыш прозалық жинағының тұсауын кесіп, оқырмандарына ұсынды. Бұл кітап үлкен қаламгерлер тарапынан оң бағасын алып, оқырмандарының жылы ықыласына бөленді. 2018 жылы автор өзінің екінші прозалық жинағының тұсауын кесіп, оқырмандарына «Мұз үстіндегі қызғалдақ» шығармасын ұсынды. Сонымен қатар, Айзат Рақыш 100-ден астам мақалалардың авторы. Қоғамдағы көкейтесті мәселелерді жұртшылық назарына ұсына білу де қаламгердің қанына сіңген.
Айзат «Қазақстан дәуірі» газетінде штаттан тыс тілші. Сондай-ақ, жас жазушы республикалық «Жұлдыз», «Мұқағали», «Үркер» журналдарында тұрақты автор ретінде танымал.
Автор Республикалық «Алтын тобылғы» әдеби жүлдесінің «Жылдың үздік прозасы» аталымының 2018 жылғы жеңімпазы. «Тегімді менің сұрама» әңгімесі үшін осы жылы (2018) Ашық Еуразиялық әдеби фестивальінде «Генералы мира за мир» аталымына ие болды.
Кездесуде Алматы шаһарынан арнайы келетін Айзат Серікқызы өзінің шығармашылығындағы жаңалықтармен бөлісіп, өз туындыларындағы басты тақырыптар туралы әңгіме өрбітті.
Байланыс тел.: 26-13-33 (123)