20 желтоқсан күні, сағат 15.00-де А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреты, жүсіпбектанушы Нұржан Қуантайұлымен ZOOM платформасында «Жүсіпбек Аймауытовтың рухани мұрасы» атты онлайн кездесу өтеді.
ХХ ғасыр басындағы қоғамдық қопарылыс пен саяси сапырылыс уақытында өмір сүріп, заман сұмдығы мен адам шындығын әдебиет тілінде үлкен суреткерлікпен бейнелеген қаламгердің бірі – жазушы, ақын, драматург, аудармашы, әдебиеттанушы Жүсіпбек Аймауытұлы.
Жүсіпбек Аймауытұлының 135 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған шараның мақсаты - Алаш зиялысы туралы біз білмейтін құпия мәліметтерді, ұлт қаймақтарының асыл дүниелерін жинақтап, жас ұрпаққа, оқырмандарға жеткізу.
Ж. Аймауытұлының рухани мұрасын дәріптеп, өміріне қатысты нақты деректерді бір ізге түсіру – тарих алдындағы борыш. Жүсіпбектен қалған мұра өте көп. Әсіресе, оның проза мен драматургиядағы орны үлкен. Оның ішінде «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі мен көптеген әңгімелер, «Рабиға», «Мансапқорлар», «Сылаң қыз», «Ел корғаны», «Қанапия–Шәрбану», «Шернияз» атты пьесалар, өлеңдер мен «Нұр күйі» поэмасы, балаларға арналған ертегі кітапшалар, сын мақалалар мен көптеген аударма кітап, оқулықтар бар. Жүсіпбек Аймауытовтың шығармалары, негізінен жазушы өмір сүрген дәуірдің шындығын суреттеуге арналады.
Жерлесіміз Нұржан Қуантайұлының тағлымды әңгімесін тыңдап, «Жүсіпбек туралы зерттелмеген дүниелер», «Жүсіпбектің белгісіз шығармалары мен ең алғаш жазған шығармасы», «Аймауытовтың бүркеншік аттары», т.б. сұрақтарға жауап алғыңыз келсе онлайн кездесуге қатысыңыз.
Біз сіздерді күтеміз!
Байланыс тел.: 261333 (119)