Абай күні – Алаш баласының рухани құбыласы, ұлтының ұлы тұлғасы, қазақ поэзиясының асқар шыңы – Абай Құнанбайұлына деген ерекше құрмет.
Осындай мерейлі мейрам күні А.С. Пушкин атындағы кітапхана өз пайдаланушыларына «Абайды оқы, таңырқа…» атты интерактивті әдебиеттер көрмесін ұсынды.
Әдебиеттер көрмесінен ұлы ақынның әдеби мұрасы, абайтанушылардың келелі еңбектері мен әлем тілдеріндегі ақын шығармаларының аудармалары орын алған.
Кітап көрмесінде оқырманға ұсынылатын ең құнды жәдігерлердің бірі – 1936 жылы Алматы қаласындағы «Көркем әдебиет» баспасынан латын қарпінде басылып шыққан ақынның өлеңдер жинағы. Бұл басылымды кітапхана қорына 2020 жылы кітапхананың қарт оқырманы сыйға тартқан болатын. Ақынның 1945, 1950 жылдары жарық көрген шығармаларымен қатар, 1970 жылы Сәтімжан Санбаевпен алғаш орыс тіліне аударылған Ғақлиясының аудармасы да оқырман назарына ұсынылды.
Көрменің бір бөлімі белгілі абайтанушы ғалымдардың зерттеу еңбектеріне арналды. Абайтанудың нақты ғылыми пән ретінде қалыптасуында тарихи шешуші рөл атқарған, әрине, жазушы-академик Мұхтар Әуезов. Оның «Абай жолы» роман-эпопеясы – ақынның көзін көргендер мен өзінің естеліктері, мұрағат құжаттарынан жинақталған, қажырлы еңбекпен жасалған нағыз әдеби ескерткіш. Кітап экспозициясында қазақ прозасын дүниежүзі классикалық әдебиетінің биігіне көтерген «Абай жолы» туындысының орыс, ағылшын, неміс, қытай, поляк тілдеріндегі аудармалары ұсынылған. Сондай-ақ, автордың «Таңдамалы шығармалары» бес томдығы ұлы ақынның өмірбаянынан бастап, артына қалтырған өлмес мұрасы хақында баяндайды. Көрмеден М. Әуезовке ғұмыр бойы адал шәкірт болған Қ. Мұхамедхановтың Абай қалыптастырған мектеп шәкірттері туралы терең зерттеулерін парақтап, мол мағлұмат алуға болады.
Профессор Ш. Ыбыраев «Абай феномені» кітабында Абай атамыздың өлеңдерінде былайғы жұртқа беймәлім көрінетін кейіпкерлердің жұмбақ сырын ашуға тырысқан. Ал абайтанушы Д. Омаровтың «Абай мұрасын қолдану жолдары» атты еңбегінде «толық адам» ілімі талқыланады. Филолог-ғалым М. Әліпханның «Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік ілімі» атты зерттеу еңбегі Абайды жаңа қырынан танытатын кітаптардың бірі. Ақын шығармалары, аудармалары, қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы мен 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында жарық көрген тұңғыш жинағының литографиялық көшірмесі және қазіргі қазақ жазуына түсірілген нұсқасы берілген 3 томдық «Абай шығармаларының академиялық толық жинағы» да аса құнды еңбек. М. Төлегеннің «Абайдың құқықтық көзқарастары және Қарамолда ережесі», Д. Омаровтың «Абайдың рухани мұрасы» кітаптары да оқырманға мол ақпарат бермек. Ал «Абайдың киелі даласы» түрлі-түсті фотоальбомы оның өмірі мен шығармашылығына байланысты тарихи және киелі орындармен таныстырады. Абайдың Отанын ғаламшардың жүрегі деп атаған жерлес жазушы Б. Щербаков «Путь к Абаю» кітабында Өскеменнен Жидебайға дейінгі ұлы ақын жүріп өткен жолды аса сүйіспеншілікпен сипаттаса, «Жидебайдың жұлдызды даласы» еңбегінде ойшылдың шәкірттері мен пікірлестері – Ш. Құдайбердіұлы мен М. Әуезовке ерекше көңіл бөледі.
Кітап көрмесіндегі ерекше оқырман назарын ие басылымдардың бірі – «Абай әлемі» кітаптар топтамасы.
«Абай әлемі» жобасы өлкеміздің өткені мен бүгіні жайлы қалам тербейтін жерлес қаламгерлердің шығармаларын басып шығаруға арналған. 2018-2022 жж. аралығында барлығы 59 389 данамен 82 кітап жарық көрді.
Сондай-ақ, көрме барысында А.С. Пушкин атындағы кітапхана қызметкерлері жасаған еліміздегі жалғыз толық мәтінді «Біздің Абай» /«Наш Абай» электронды кітапханасы көрсетілді. Бүгінгі таңда электронды кітапханада әлемнің 37 тіліндегі басылымдар жинақталған. Абай күні бұл электронды кітапхана ALTAI телеарнасының таңертеңгі бағдарламасында көрермен назарына ұсынылды.
Байланыс тел.; 261-333