«Қай жерде, мейлі, қай елде, Әлемнің мәні – әйелде», - деп Жүрсін Ерман айтқандай, қай заманда болмасын әйел адамның орны ерекше. Дана халқымыз әйел адамға өмірдің әні мен сәні, үйіміздің жылуы, ер адамдардың ақылшысы, балаларымыздың тәрбиешісі деп қараған. 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі аясында ұйымдастырылған «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» атты кітап көрмесі еліміздің тарихында есімдері алтын әріппен жазылған аяулы аналарымызға арналады.
Кітап көрмесінің мақсаты – қоғамдағы әйел затының рөлін көрсету, қадірін түсіндіру.
Адамзат тарихында нәзік жандылардан мықты қолбасшылар, патшайымдар, атақты ақын әйелдер шыққан. Елімізде есімдері тарих қойнауына енген, батырлығымен, даналығымен кейінгі ұрпаққа тамаша үлгі-өнеге көрсеткен әйелдер көп болды. Көрмені қазақ тарихындағы атақты, есімдері аңызға айналған нәзік жандылар туралы «Көшбасшы әйелдер: жетістік формулары» бөлімі ашады. Олар скиф патшайымы Тұмар ханша, сақ патшасының қызы Зарина патшайым, Сыр-Дария жағалауын билеген Роксонаки. «Ұлы даланың ұлы қыздары», «Бозоқ аруы», «Даланың дана арулары», «Сорок девушек», жерлесіміз Ш.Құмарованың «Сүзгенің соңғы күндері» кітаптарында қазақ даласын сыртқы жаулардан қорғаған, мақтан тұтар қыздарының бейнесі мен ерлік істері баяндалған. «Айбике», «Айғаным», «Күнімжан», «Бопай», «Қыз Жібек», «Баян сұлу» т.б. қазақ хандығы кезеңіндегі ерлігімен, даналығымен барша жұртқа өнеге бола білген әйелдер жайлы «Қазақ тарихындағы әйелдер» кітабы әңгімелейді.
Көрмеде тағдырдың жазуымен «Халық жауының әйелдері» деген айдар тағылып, еңбекпен түзету лагерлеріне жіберіліп, тұтқындалған Алаш арыстарының әйелдерінің ерлігі жайындағы әдебиеттер көрініс табады. Қазақ әйелдері тағдырлары қыл үстінде тұрса да мойымады, жасымады. Бұл туралы «Алашорда», «Нәзипа Құлжанова шығармалары», Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатоваға арналған «Алаш қызы Гүлнар», «Менің Анам Фархинур Мұхамедханова» кітаптарында мәліметтер бар.
Бүгінгі күні қыздарымыз еліміздің қоғамдық өміріне кеңінен араласып, белсенділік танытуда. «Саясаттағы нәзік жандылар» бөліміндегі «Жемчужное ожерелье» және «Қазақстанның қанатты әйелдері», В.Аксеновтың «Женщины» кітаптары бізді Шығыс Қазақстаннан шыққан ең танымал, табысты, өзін-өзі қамтамасыз ететін, беделді және белсенді әйелдерімен таныстырады. Әйел қалай өз кәсібін ашып, табысқа жете алады? Бизнес пен отбасын қалай тепе-теңдікте ұстауға болады? Бұл туралы М.Сәдуақасованың «Женщины в бизнесе» еңбегі баяндайды.
Көрмеміздің «Сахна ханшайымдары» бөлімі миллиондаған адамдардың жүрегіне із қалдырған сан алуан өнер саласындағы нәзік жандардың шеберліктері туралы сыр шертеді. Олардың қатарында, қазақ би өнерінің шоқ жұлдызы Шара Жиенқұлова, қазақтың тұңғыш опера әншісі Күләш Байсейітова, атақты күйші Дина Нұрпейісова, аты аңызға айналған Роза Бағланова, «керемет бұлбұл» Бибігүл Төлегенова, әйел суретші Гульфайрус Исмаилова, кино майталмандары Сәбира Майқанова, Әмина Өмірзақова, эстрада жұлдызы Роза Рымбаева, теңдессіз Нұржамал Үсенбаева және басқалары.
Қазақ елінде бар ғұмырын әдебиетке, білім беруге арнаған ақын-жазушы, ұстаз әйелдер аз емес. Атап айтар болсақ, поэзия шолпаны Фариза Оңғарсынова, поэзия аққуы Марфуға Айтқожина, Жанат Әскербекқызы, Біздің жерлестеріміз Бақытжан Райсова, Бибігүл Қабиқызы, ұстаздықтың падишасы Қанипа Бітібаева сынды танымал есімдер өте көп.
Кітап көрмесі аналарға бала тәрбиесіне көмекші құрал болатын К.Әлпейісованың «Қайтсек ұрпақ өседі өрелі боп...», В.Вадееваның «Профессия – мама», М.Каддефорд-Джонстың «Моя мама самая лучшая!» сынды әдебиеттермен аяқталады.
Сонымен қатар, көрме мазмұнын денсаулықты, жастық пен сұлулықты сақтауда таңғажайып нәтижелерге қалай жетуге болатыны туралы әйелдерге арналған танымдық маңызы бар журналдар толықтырады.
Құрметті аналар, әжелер, апалар, қыздар сіздерді мерекелеріңіз бен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілейміз! Сіздерді көрмеде күтеміз!
Байланыс тел. 26-13-33 (119)