«Жақыныңды жоғалтпашы...» жазушы Әкім Ысқақпен кездесу
18 желтоқсан күні сағат 14.00-де кітапханада ақын, жазушы, журналист, сатирик Әкім Ысқақпен «Жақыныңды жоғалтпашы...» атты кездесу өтеді.
Әкім Ысқақ 1960 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданында өмірге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісі бірінші шақырылымының депутаты, қазақ тілінде тұңғыш жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы, Республикалық Әкелер Одағы Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан педагогика академиясының профессоры, Халықаралық Журналистер, Қазақстан Жазушылар, Қазақстан Композиторлар Одақтарының, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, мектеп оқулықтарына бірнеше шығармалары енген, 30-дан астам кітаптары жарық көрген, туындылары бірнеше тілге аударылған белгілі қаламгер, ақын, сазгер, сатирик, журналист, заңгер ағамыз биылғы жылы 65 жасқа толуда.
Жазушының философиялық тәлім-тәрбиеге негізделген «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін», «Көңіл қымбат», «Алтыным», «Алтыным-2», «Адам – өмір дәптері» атты эссе кітаптары жасөспірімдер мен жастардың сүйікті кітабына айналып келеді. Атыраулық оқырманы Айгүл Бауыржан өзі оқуында «Алтыным» кітабының электрондық нұсқасын шығарды. Орыс тілінде «Записки сердце», «Мелодий дождя», өзбек тілінде «Олтиним» (орыс, ағылшын тілдеріне де аударылған) деген атпен кітаптары басылып шықты.
Ол өзіндік өрнегі бөлек жүзден астам әннің авторы. Әндері теледидар мен радиода жиі орындалып жүр. Көпшілікке кең тараған «Көңіл қымбат» әні «Біз балалар үйіненбіз» атты киноның саунтрегі ретінде пайдаланды. Қазақ радиосынан шырқалатын 16 әні «Алтын қорға» енген.
Шырайлы Шығысқа алғаш рет ат басын бұрмақшы Әкім Ысқақпен кездесулер облыстың бас кітапханасында және тағы басқа оқу орындарында жоспарланып отыр. Автормен кездесуге асығыңыз, ағайын! Қаламгермен көзбе көз жүздесу, салиқалы әңгіме – сіздерге рухани азық боларына сенімдіміз!








