А.С. Пушкин атындағы кітапханада Mecenat.kz жобасы 2022 жылы үздік деп таныған «Күлпет» романының авторы Шархан Нағметұлы Қазығұлмен кездесу өтті.
Шархан Нағметұлы журналист, жазушы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері. Қазіргі қазақ журналистикасында өзіндік стилімен ерекшеленетін танымал тұлғалардың бірі. «Нұр Астана» және «Айқара» республикалық басылымдары мен «Qogam.kz» порталы сияқты жобаларды жүзеге асырған журналист, бірнеше публицистикалық кітаптың авторы, PR-маман, Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі.
Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романы үздік деп танылып, автор ай сайын берілетін 500 доллар cыйақы иегері атанды. «Күлпет» деген сөз «жан азабы» деген мағынаны білдіреді. Негізгі кейіпкер – Әбужан Арал өңіріндегі Ерден жылқышының жалғыз ұлы. Әкесі оның жылқышы болғанын қаламай, баласын оқытуға күш салады. Әбужан Ақтөбе медициналық институтын бітіріп, жұмысқа кіріскен тұста еріксіз Ауғанға әскер қатарына алынатындардың тізіміне енгізіліп, соғысқа аттанады. Соғыстан кейін де елге қайта алмай, амалсыз Америкадан бірақ шығады. Ауғанға баруы да, Америкаға өтуі де адамның қырсық-қиянатының салдары еді. Әбужан еліне 37 жылдан соң бірақ оралады...
10 ай көлемінде жазылған романға кіндік қаны тамған жерге деген сүйіспеншілік, туған жердің қадірі арқау болған. 5 мың тиражбен басылып шыққан тырнақалды туындыда автор адамзаттың алдында тұрған мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді.
Координатор: Кемешева М.Н.,
тел.: 261-333 (123)