2018 жылдан бастап Қазақстан халқы шілденің алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күнін атап өтеді. Домбыра күні «ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау және жаңғырту идеясы төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыру" үшін енгізілді.
Мерекелік бағдарлама 26 маусым күні «Домбыра – асыл мұра» интерактивті әдебиеттер көрмесінен бастау алады. Көрме материалдары оқырманға домбыра музыкасының тарихын баяндап, тақырып бойынша қызықты деректерді ұсынып, қазақтың ұлы әншілері мен музыканттарының шығармашылық өмірбаянымен таныстырады. Көрме жанынан «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі», «Шығыс Қазақстанның музыкалық мұрасы» музыкалық антологияларынан аудиожазбалары мен түрлі мектептердің орындауында Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Дина Нұрпейісова және т.б. сияқты бүкіл халыққа танылған майталмандардың күйлерін тыңдауға болады.
26 маусым-3 шілде аралығында «Домбыра - ұлттық мәдениет символы»: Autodesk 123 D Design бағдарламасында домбыраның 3D үлгісін жасау шеберлік-сағаттары өтеді.
29 маусым күні балалар мен жасөспіоімдерге арналған «Dombra-перфоманс»: танымдық квест ойыны өткізіледі.
2 шілде күні кітапхананың әлеуметтік желідегі парақшаларынан «Өнегелі сұхбат» айдарында Мәдениет саласының үздігі, Байжігіт атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері, көркемдік жетекшісі Шалқар Рысхановпен сұхбатты тамашалай аласыздар.
Сондай-ақ 2 шілдеде «Домбыра үнінің құпиясы»: белгілі қолөнер шебері, «Үкілі домбыра» байқауының жеңімпазы Жолаушы Тұрдығұловтың шеберханасында түсірілген бейнероликті ұсынамыз.
Домбыра қазақ мәдениетін әлемде танымал етудің символына айналды. ЮНЕСКО шешімімен бұл ежелгі музыкалық аспап пен күй адамзаттың материалдық емес мұрасы тізіміне енгізілген.
Ендеше, сүйікті халық аспабын құрметтеп, Ұлы даланың әуезді тарихын еске алып, домбыраның жан сырын бірге тыңдайық! Домбыра күнін бірге тойлап, Ұлы Даланың ұлттық аспабын бірге ұлықтайық, ағайын!
Байланыс тел. 261-333