25 қаңтар күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада шығыс өңірінің тұмса табиғатын, жерлестерінің ерен еңбегін жырлаған жазушы Мүсілім Құмарбеков пен талантты ақын, драматург, журналист Ғалым Байбатыровты еске алу кеші өтті.
Талантты жерлестерімізді құрметпен еске алуға туыстары, замандастары, әріптестері, достары, студенттер келді. Көзі тірі болса биылғы жылы Мүсілім Құмарбеков 85 жасқа, Ғалым Байбатыров 75 жасқа толар еді. Қос қаламгердің шығармашылығы Шығыс Қазақстанның мәдени өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын оқырмандар сұранысынан да аңғаруға болады.
Мүсілім Құмарбеков Алтай өңірінің табиғаты мен жан-жануарлар дүниесін, адам-пенденің табиғи ортадағы орнын, табиғат атты тылсым дүниенің алдындағы парызы мен қарызын айқындайтын шығармаларымен танымал. Оның қаламынан туған «Қыз күлкісі», «Шынар» атты әңгімелер жинағы, «Асау Ертіс», «Тырналар керуені», «Алтайдың ардагері» атты очерктері, «Жастық жағалауы» повестер жинағы, «Алтайым - алтын бесігім» атты туындылары оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген. «Алтайым - алтын бесігім» шығармасында облыс тарихы нақты деректермен көркем баяндалып, қарапайым еңбек адамының әңгімесін еске түсіру, сондай-ақ, аңыз әңгімелерге де кезек беген.
Ал Ғалым ағамыздың шығармашылық жолы өзі туып өскен Дайыр ауылында қаланған. Бірнеше топтама жыр жинақтарының, драмалық шығармалардың, тарихи еңбектердің авторы. Ақынның өлеңдері 1966 ж. бастап баспасөз беттерінде жарияланды. Ғалым ағаның бірнеше өлеңіне жергілікті сазгерлер ән жазған. Әсіресе, «Өскеменім» әні жергілікті жұрт арасында кеңінен таралған. Сатира жанрында да жазған дүниелері жетерлік. Ғалым ағаның өлкетану бағытында кітап жазғанын, біреу білер, біреу білмес. Ол кітап Өскемен қаласында жарық көрген «Шежірелі Шығыс өңірі» деп аталады. Ғалым Байбатыров сонымен қатар драматург. «Өңім бе, ойбай түсім бе», «Албасты операциясы», «Отан үшін» пьесалары облыстық Жамбыл атындағы драма театрының сахнасында қойылған.
Шығыс өңірінде туып, журналистика саласында қажырлы еңбек еткен, өлкеміздің әдебиеті мен мәдениетіне өшпес із қалдырған Мүсілім Құмарбеков пен Ғалым Байбатыровтың шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берері сөзсіз.
Кеште жылы естеліктер айтылып, Ғалым ағаның өлеңдері оқылып, әндері шырқалып, Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану және этнографиялық музейлері ұйымдастырған көрмелерді тамашалады.
Байланыс тел.: 261-333