21 қараша күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада бір ауылдан шыққан қос ғалым – филолология ғылымдарының кандидаты, сыншы, аудармашы Баламер Сахариевтің 95 жылдығына және ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, техника ғылымдарының докторы, профессор Төлеухан Бияровтың 75 жылдығына арналған «Таңбадан» шыққан қос ғалым» атты дөңгелек үстел өтті.
Баламер Сахариев – 1929 жылы 6 қарашада Катонқарағай ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын «Халық мұғалімі» журналында әдеби қызметкер болып бастап, кейін осы басылымның қазақ тілі және әдебиеті бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, М. Әуезов атындағы Қазақ ССР Ғылым Академиясының ғылыми қызметкері болды. М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мұстафин шығармаларына эссе жазды. Н.Крупскаяның педагогикалық еңбектерін, шетел жазушыларының повестерін қазақ тіліне аударды. М. Базарбаевпен бірге 10-сыныпқа арналған «Қазақ Совет әдебиеті» оқулығын шығарды.
Төлеухан Бияров – 1949 жылы Катонқарағай ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген. Профессор Т. Бияров Қазақстан кибернетика мектебінің негізін қалаушы. Қазақстан-Британ техникалық университетінің ақпараттық технологиялар факультетінің деканы қызметін атқарған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да алғаш рет «Қолданбалы математика» мамандығы бойынша «Математикалық кибернетика» бөлімін ашқан.
243 ғылыми-әдістемелік еңбектің, 17 оқу-әдістемелік құралдың, 8 монографияның авторы. 19 ғылым кандидатын, 1 физика-математика ғылымының докторын дайындаған. Оның шәкірттерінің қатарында Ж. Күлекеев, Б. Жұмағұлов, М.Н. Қалимолдаев, Ж.Д. Ертілесов, А.Д. Сапарбаев т.б. болды. Т.Н. Бияров атындағы мемлекеттік ғылыми шәкіртақы тағайындалған.
Т. Бияровтың өлеңдері «Ағажай, Алтайдай жер қайда» және «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты катонқарағайлық ақындар жинағына енген.
Қаратай елінен шыққан аса мықты қос ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған дөңгелек үстелге Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері, мерейтой иелерінің туыстары, жерлестері қатысты. Атап айтқанда, көп жылдар бойы Катонқарағай ауылында Рыков атындағы орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі болған ұлағатты ұстаз, қазір зейнет демалысындағы Сахариева Нұрғаным; жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иегері Мағзұмов Тоқтарбек; ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иегері Райысова Бақытжан; С. Аманжолов атындағы ШҚУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Төлеухан Бияровтың туған бауыры Бияров Бердібек; ұстаз, Б. Сахариевтің туысы Әсия Райымбекова шара қонағы ретінде өздерінің естеліктерімен бөлісті.
Ғажайып өлкеміздің абыройын биіктетіп, атағын алысқа жайған азаматтар туралы өнегелі әңгіме, тың ақпараттар айтылды.
Болашақта Төлеухан Бияров атындағы жүлде үшін математикалық олимпиадалар өткізілсе, Б. Сахариевтің 100 жылдығы кең көлемде аталып өтілсе, қос ғалымға көше аттары берілсе деген ұсыныстар да айтылды.
Байланыс тел.: 261333
Байланыс тел.: 261333