
«Абайдың Тоғжаны» сұлулық пен интеллект байқауы
5 наурыз күні, сағат 14.00-де А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай «Абайдың Тоғжаны» атты облыстық байқау өтеді.
Байқаудың мақсаты - бойжеткен қыздардың бойынан сұлулық пен тектілік, ізгілік, парасаттылық пен даналық сияқты Тоғжанның бойында болуы тиіс ұлттық құндылықтарды насихаттау; Абай шығармалары арқылы жас ұрпаққа ұлттық мәдениеттің маңызын түсіндіру.
Байқауға жоғары сынып оқушылары (10-11 сыныптар), орта арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттері арасынан 16 мен 25 жас аралығындағы қыз балалар қатыса алады.
Байқаудың төмендегідей кезеңдерден тұрады:
- «Әсемпаз болма әрнеге» таныстыру кезеңі: Қатысушылар өздерін таныстырады. Бұл кезеңде сыртқы келбет, тұлғалық қасиеттер және өз-өзіне деген сенімділік бағаланады.
- «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» шығармашылық кезең: Қатысушылар өз таңдауларына қарай Абайдың ойлы өлеңдері мен қара сөздерінен үзінді оқып, ақынға арнау өлең арнай алады немесе Абайдың әнін орындап, күйін шертеді.
- «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» сұрақ-жауап кезеңі: Қатысушыларға Абайдың шығармашылығы бойынша сұрақтар қойылады. Бұл кезеңде қатысушылардың интеллектуалды деңгейі, ой-өрісі және тапқырлығы анықталады.
- «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» дефиле немесе сән көрсету кезеңі: Қатысушылар ұлттық киімдермен дефиле жасайды, өз жүріс-тұрысын, мәдениеттілігін және өзін-өзі ұстау дағдыларын көрсетеді. Бұл кезеңде қыздың сыртқы көрінісі мен сахна мәдениетін сақтауы бағаланады.
Байқау нәтижелері А.С. Пушкин атындағы кітапхананың https://www.pushkinlibrary.kz сайтында және Facebook әлеуметтік желісіндегі кітапхананың https://www.facebook.com/groups/pushkinlibrary.kz парақшасында жарияланады.
Шын талантты ұлықтайтын дүбірлі додадан қалыс қалмаңыздар! Біз сіздерді байқаудың жеңімпаздары анықталатын еске алу кешінде күтеміз!