«Қарасөздің қас жүйрігі»: әдеби талқы
23 сәуір күні кітапханамызда Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті қаламгер Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығына арналған «Қарасөздің қас жүйрігі» атты әдеби талқы өтті.
Шара биылғы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылып, 2026 жылы жалпыхалықтық оқуға таңдалған жазушының «Тағдыр» романын кеңінен насихаттауға бағытталды.
Қабдеш Жұмаділов – қазақ әдебиетінің алып тұлғасы, Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол – тарихи тақырыпты терең игеріп, ұлт тағдыры, ел бірлігі, жер мен рух мәселесін көркем сөз арқылы асқақ деңгейге көтерген қаламгер. Жазушының шығармалары қазақ халқының ХХ ғасырдағы күрделі кезеңдерін, көшпенді өмірдің философиясын, шекара тағдырын, елдік мұрат пен ұлттық сананың биік болмысын кең тыныспен суреттейді. Оның «Соңғы көш», «Тағдыр», «Дарабоз» романдары – қазақ тарихының көркем шежіресі.
Кеш барысында әдебиет пен тарихтың тоғысқан тұсында жазушы мұрасы жан-жақты талқыланып, шығармаларындағы ұлттық сана, ел тарихы, рухани құндылық тақырыптары бойынша мазмұнды пікір алмасу болды.
А.С. Пушкин атындағы кітапхана қызметкерлері жазушының өз шаңырағында түсіріп алған сұхбатынан үзінді көрсетілді. Бұл бейнематериал көрерменге Қабдеш Жұмаділовтің тұлғалық болмысын, ой әлемін, шығармашылық ұстанымын жақынырақ тануға мүмкіндік берді.
Кітапхана жанындағы «Ой-сана» клубының белсенді мүшелері романға заманауи тұрғыдан талдау жасап, шығармадағы тарихи шешімдер мен кейіпкерлер тағдырын бүгінгі күн биігінен саралап, өз ойларын ортаға салды.
Шара барысында романнан үзінділер оқылып, кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесі мен елдік рухты айшықтайтын әсерлі тұстар көрермен назарына ұсынылды.
Кештің қызықты әрі танымды өтуі үшін әдеби талқы барысында арнайы интерактивті ойындар ұйымдастырылды.
Адам жанын байытып, ойға ой қосатын тағылымды шарамыз сәтті аяқталды. Бұл жай ғана жиын емес, пікірлер тоғысқан, парасаттылық салтанат құрған ерекше сәт болды!








