«Ұлы дала перзенті» – еңбек адамына тағзым
18 қыркүйек күні кітапханада тағылымы мол «Ұлы дала перзенті» атты кітаптың таныстырылымы өтті.
Кітаптың авторлары – ақын, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Набиолда Салихұлы Кемешев және кітапхана ісінің ардагері, өлкетанушы Нұрғайни Мұқанова.
«Ұлы дала перзенті» – бала кезінен еңбекке ерте араласып, маңдай терімен елге танылған, Шығыс Қазақстаннан шыққан атақты комбайншы қыз Айтжан Башимованың өмірі мен еңбек жолына арналған тағылымды туынды.
Кітапта Айтжан Башимованың еңбекке деген адалдығы, қайсарлығы мен елге деген қызметі кеңінен баяндалады. Кейіпкердің өмір жолын айшықтай түсетін архивтік құжаттар, тарихи деректер мен ауылдастарының естеліктері де жинақталған. Бұл – бір адамның ғұмырнамасы ғана емес, тұтас бір дәуірдің тынысын, ауыл еңбегінің қадірін, маңдай термен жеткен жетістіктің мәнін танытатын құнды еңбек.
Кітаптың таныстырылымында облыс әкімінің орынбасары Айдар Серікқазыұлы Садырбаев сөз сөйлеп, авторларға жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар ол елімізде қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасының маңыздылығына тоқталып, осындай тағылымды еңбектердің оқырманға жол тартуының мәні зор екенін атап өтті.
Шара барысында кітап авторлары, қонақтар мен оқырмандар сөз сөйлеп, Айтжан Башимованың өмірі мен еңбек жолы туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Еңбек адамының өнегелі ғұмырының бүгінгі жас ұрпақ үшін де үлкен үлгі екені айтылды. Іс-шараға кітапхана оқырмандары, ұстаздар, жастар, зиялы қауым өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
| |
|
|
|
|
|
| |
|
|
|
|
|








