Ахметтанудың негізін қалаушылардың бірі – ұлы Мұхтар Әуезов сонау бір кезде Ахаңды «ұлттың рухани көсемі» деп бағалаған екен. Әрбір ұлы тұлғаның тұғырлы бейнесі ол өмір сүрген ортаға, тарихи кезеңге тереңірек көз жібергенде ғана шынайы аңғарыла бастайды. Ахмет Байтұрсынұлы – заманына сай туып, дәуірдің жарығы мен қараңғысын бірдей бағдарлап, жамандығынан жерініп, жақсылығынан үйрене білген жан. Ол – бір басында сан-салалы өнер тоғысқан, телегей теңіз энциклопедиялық білім иесі болған, қиындыққа толы тартысты ғұмырында қараңғылықта қалған қалың елін жарқын болашаққа сүйреуден басқа бақыт бар деп білмеген бірегей тұлға.