Фариза Оңғарсынова (1939 - 2013 жж.)
Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайреткері, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 5 желтоқсанда Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған. 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, Балықшы ауданының Еркінқала, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақ мектептерінде ұстаздық еткен. 1966-1970 жылдары Гурьев облыстық "Коммунистік еңбек" газетінің партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкер болып істеген. 1968-1970 жылдары республикалық "Лениншіл жас" (қазіргі «Жас Алаш») газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілші қызметін атқарған. 1970-1978 жылдары республикалық "Қазақстан пионері" (қазіргі «Ұлан») газетінің бас редакторы, 1978-2000 жылдары "Пионер" (қазіргі «Ақжелкен») журналының бас редакторы болып істеген.
Орыс, туысқан республикалар ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың жырларын, кейбір драмалық шығармаларды қазақ тіліне аударған.
Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап шыққан. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Сандуғаш» 1966 жылы жарық көрген. «Алмас қылыш», «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Тыңдаңдар, тірі адамдар», «Қарғыс»», «Қасірет пен ерлік жыры» поэмалары. «Таңдамалыны» (1987) және «Қыз ғұмырға» (1966) дейінгі аралықты қамтиды. Ақын лирикасы «Маңғыстау маржандары» (1969), «Мазасыз жүрегіңдемін» (1975), «Шілде» (1978), «Сұхбат» (1983), «Жүрек күнделігі» (1984), «Дауа» (1985), «Екі томдық: Таңдамалы шығармалары» (1987), «Өсиет» (1995), «Қыз ғұмыр» (1996) және «Мен саған ғашық емес ем» (1999) сияқты дүниелермен толықты. 1984 жылы «Үйім - менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлең топтамалары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.