23 тамыз күні кітапханада есімі елімізге әйгілі өлке шежірешісі, жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, Катонқарағай ауданының және Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы Бошай Кітапбаевтың 100 жылдығына орай «Өнегелі өмір» сериясымен биылғы жылы жарық көрген «Бошай Кітапбаев: өнегелі өмір» кітабының тұсаукесері өтті.
Кітап тұсаукесеріне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Көшербаев Ермек Беделбайұлы, Бошай Кітапбаевтың ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері, ұстаздар және т.б. қатыстыБошай Кітапбаев кезінде жауапты қызметтер атқарып, оның басшылығындағы Ленин және КПСС XXII съезі атындағы ұжымшарлар облыс көлемінде үздік атанды. Ол небір бәйгелердің алдын бермеген жүйріктерді баптаған белгілі атбегі. «Тоғыз таңбалы Найман», «Шежіре», «Айта-айта Алтайды, Бошай ата қартайды», «Жылы пікіріміз ешқашан өзгермейді» кітаптарының авторы. Кітапбаевтың Шежіресі – шығыс жұрты іздеп жүріп оқитын құнды мұраға айналған.
Бір ғасырлық мерейтойы қарсаңында оқырманға жол тартқан жаңа кітапта Б. Кітапбаевтың тоғыз таңбалы Найман руының тарихына қалам тербеген шығармалары, түрлі тақырыптағы ой-толғаныстары, баспасөз бетінде жарық көрген сұхбаттары, фотосуреттері мен мұрағат құжаттары топтастырылған. Сондай-ақ жинақта оның атбегілігі, шежірешілігі, қайраткерлігін сипаттайтын замандастары мен әріптестерінің, қаламгерлер қауымының естеліктері берілген.
Б. Кітапбаевтың азаматтық айбыны мен қайраткерлігін Д. Қонаевтай ел басқарған тау тұлғалар жоғары бағаласа, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Қайырбеков, О. Бөкей тәрізді белгілі қаламгерлер қауымы шығармаларына арқау еткен.
Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, тұлпарды тұрысынан танитын атбегі, көкірегі қазына шежіреші Бошай Кітапбайұлы туралы жаңа кітаппен танысуға асығыңыздар, кітапсүйер қауым!
Байланыс тел.:Тел.: 26-13-33