13 желтоқсан күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесіне арналған іс-шаралар аясында «Шығыс салбурыны» фотокөрмесінің ашылуы өтті.
Фотокөрме 10-14 қыркүйек аралығында Шығыс Қазақстан облысында өткен бүркітшілердің дәстүрлі «Шығыс салбурыны» халықаралық фестиваліне арналды. Аймағымызда төртінші рет өткен фестивальға Моңғолия, Қытай, Мажарстан, Қырғыз Республикасы мен Ресей Федерациясының құсбегілері қатысып, қырандарының бабын сынаған болатын. Сонымен қатар тақымы мықты жігіттер асау үйретіп, мергендер садақ атудан сынға түскен. Ауқымды іс-шара барысында жерлес фотографтардың камерасына тартылып, фестиваль жайлы сыр шертетін фотосуреттер осы көрмеде халық назарына ұсынылды.
Сондай-ақ, шара аясында арнайы шақырылған құсбегілер бүркіт баптау мен құмай тазыларды аңшылыққа баулу, аңға салу, өз кәсіптерінің қыр-сыры, саятшылық дәстүр, оның қазіргі таңдағы дамуы, насихатталуы жайлы әңгімелеп, қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
Жыл сайын өлкемізде ұйымдастырылатын «Шығыс салбурыны» фестивалі – қазақ халқымен бірге көнеден жасап келе жатқан төл өнеріміздің бірі, қазіргі уақытта ел жадынан ұмыт болуға айналған қастерлі құсбегілік өнер – Салбурынды қайта жандандырып, әлемге паш ететін аса маңызды шара. Осы шара нәтижесінде шетелдіктердің де қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен тарихына деген қызығушылығы артары сөзсіз.
Барша қалалықтарды осындай маңызды да, дүбірлі шараны фотокамера көмегімен халық арасында насихаттауға ықпал ететін «Шығыс салбурыны» фотокөрмесін тамашалауға шақырамыз!
Байланыс тел.: 261333