24 мамыр күні кітапханада Шілікті өңірінің тумасы, ақын Қабдолданов Дәурен Абдрахманұлының «Ақкөңіл» өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті.
Кітап тұсаукесеріне Дәурен Абдрахманұлының жерлестері, сыныптас-достары, туыстары және жастар қатысты. Сауыр-Тарбағатай тауларының етегінде кең алқапта орналасқан Шілікті жері – тарихтағы орнымен қатар, сөз өнері де ерекше дамыған киелі өңір. Бұл өңірден табиғатына тартқан талант иелері белгілі ақындар Хамит Балшабеков, Оралбек Бөкебаев, Әйгерім Жүрекбаева сынды ақындар шыққан. Осы ақындардың дәстүрін жалғастырып, Қабдолданов Дәурен өзінің ақындық, әншілік, сал-серілік өнерімен халыққа танылды. Ел ішінде «Ақын Дәурен» деген атаққа ие болған ол қазақтың айтыс өнерін дамытуға үлкен үлес қосып, сол өңірдің әдебиеті мен мәдениетіне, рухани өміріне де көп еңбек сіңірген. Тәуелсіздік алған кездегі нарықтан кейін тұралап қалған ауылда өзінің ән-жырымен адамдарға рухани демеу болып, алқалы ортада өз өнерімен топ бастады. «Ел іші – өнер кеніші» екенін дәлделдеп, халқының қасында жарқылдап жүрген «Ақын Дәурен» жасындай жарқ етіп 45 жасқа толарында өмірден өтті.
Артында қалған өлеңдерін, жырларын, айтыстарын ақынның ұлы Аян жинап, құрастырып кітап етіп шығарды. «Артында бар оңалар»,- деп халқымыз айтқандай, Аян Дәуренұлының әкесінің есімін ұлықтау мақсатында жыр жинағын құрастырып шығаруы – әке рухына тағзым, ескерткіш деп бағалаймыз. Дәурен Абдрахманұлының жырлары туған жер, құтты мекен, оның адамдары, тәуелсіздік, тіл туралы, өнер тақырыбына арналған өлең, арнаулардан тұрады. Ақынның әр алуан тақырыптарды қамтып айтқан құнды сөздері, орамды ұйқастарымен әзілдері оқырманын өзіне еліктіріп отырады.
Байланыс тел.: 261-333 (119)