«Қаһарман Қасым: ерлік пен елдік шежіресі» әдеби кездесу
23 шілде күні А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші-публицист Нұразхан Еркін Ыбрайымұлының «Қаһарман Қасым» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Еркін Нұразхан 1953 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Жетіарал ауылында дүниеге келген. Ол қазақ бейнелеу өнерінде карикатура, шарж (достық әзілді портрет) жанрының қалыптасып, дамуына өзіндік қолтаңбасын қосқан белгілі суретші ғана емес, публицистикада өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер. 2000–2006 жылдары Қасым Қайсеновтің жеке хатшысы болып қызмет атқарған. Жазушының жанында жүріп жазып алған естеліктері мен өмірлік әңгімелері осы кітапта көрініс тапқан. Кітапта Қасым Қайсеновтің ерлік жолдары, ел үшін жасаған еңбегі жайлы тың деректермен қатар, жұбайы Асылхан Қабышқызының жазбалары да қамтылған.
Шараға жиналған Өскемендік зиялы қауым өкілдері, автордың туыстары, жерлестері Еркін Ыбрайымұлына ақжарма тілектерін білдірді.
Ұлан аудандық Мәдениет үйінен, Күршім өңірінен арнайы, қаламыздағы «Қарақат» өнер мектебінен келген өнерпаздар әннен шашу шашып, шараның шырайын енгізді.
Бұл шығарма - кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық рухани қазына. Кітаппен таныс болу үшін кітапханаға келіңіздер!