3 қараша күні Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ЮНЕСКО-ның Журналистика және коммуникация кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, жүргеновтанушы-ғалым, ҚР Мәдениет қайраткері Бауыржан Сәбитұлы Иманғалиевпен Zoom-платформасында «Асыл өнердің алып нары – Темірбек Жүргенов» атты онлайн кездесу өтті.
«Темір-Нарком» қайраткердің 125 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған шараның қонағы қазіргі таңда Темірбек Жүргеновтің қайраткерлігін, әдеби мұрасын жан-жақты зерттеп жүрген ғалым – Бауыржан Иманғалиев. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Бауыржан Сәбитұлының жалпы саны 4 кітабы жарыққа шығып, түрлі тақырыптарға жазған 100-ден аса ғылыми-публицистикалық мақалалары баспасөз беттерінде тұрақты жарияланып келеді.
Темірбек Жүргенов (1898-1938) - Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, республиканың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Темірбек Қараұлының есімі тек қана қазаққа ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, қаламы қарымды сыншы-көсемсөз иесі саналады. Бар ғұмырын бай мен кедейсіз, барлық адам тең құқыққа ие жаңа өмір мен жаңа әлемді құруға арнады.
Қазақ зиялыларының ішінде Темірбек Жүргеновтің қайраткерлік қырын, тұлғасын, өмір жолын өз еңбектеріне арқау етіп жүрген жүргеновтанушы-ғалым, кездесу барысында жалпы, жүргеновтануға қалай келді, зерттеу барысында қандай қиыншылықтарға тап болды, қандай тың деректердің басын ашты және т.б. оқырмандардың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.
Онлайн кездесуге Т. Жүргенов атындағы Қоғамдық қордың төрағасы Сәпен Әбдіқадырұлы Аңсатов та қатысып, қазіргі таңда Жүргеновтың есімін мәңгілік сақтау үшін қандай шаруа атқарылып жатқаны туралы ақпараттармен бөлісті.
Координатор: Кемешева Меруерт,
тел.: 261-333 (внутр. 123)