«Талаптанның таңғажайып әлемі» еске алу кеші
Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып, көркем прозаның көкжиегін кеңейткен қаламгерлердің бірі – жазушы Талаптан Зейнолдаұлы Ахметжан. Оның туғанына биыл 65 жыл толып отыр. Осыған орай, 25 қараша күні сағат 14.00-де кітапханада «Талаптанның таңғажайып әлемі» атты еске алу кеші өтеді.
Талаптан Ахметжан – Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Теректібұлақ ауылының тумасы, туған жердің топырағынан нәр алып, қазақ әдебиетінің төрінен орын алған талантты қаламгер.
Талаптан Зейнолдаұлы – қазақ прозасына өзгеше өрнек, терең ой, сыршыл сезім әкелген жазушы. Оның шығармаларында адам жанының иірімдері, өмірдің күрделі құбылыстары, ар мен адамгершілік, махаббат пен тағдыр, жақсылық пен жамандық арасындағы мәңгілік тартыс көркемдік шеберлікпен суреттеледі.
Жазушының «Оң қол», «Айқасқа», «Тұма», «Тозақ оты» сынды туындылары әдеби ортада жоғары бағаланып, оқырман жүрегінен орын алды. Оның қаламынан туған әрбір шығармада өмір шындығы мен көркемдік қиял астасып, адамзатқа ортақ құндылықтар терең толғаныспен өріледі.
Еске алу кешінің мақсаты – жазушының өмір жолы мен шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа кеңінен таныстыру, қаламгердің қазақ әдебиетіндегі орнын айқындау, оның шығармалары арқылы оқырмандарды рухани құндылықтарға, көркем әдебиетті сүюге баулу.
Кеш барысында қаламгердің өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктер айтылып, әдеби мұрасы кеңінен таныстырылады. Жазушының туындыларынан үзінділер оқылып, шығармаларының көркемдік ерекшелігі мен адам жанының терең қатпарларын ашудағы жазушылық шеберлігі туралы ой-пікірлер ортаға салынады. Сондай-ақ қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұсынылады.
Талаптан Ахметжанның ғұмыры қысқа болғанымен, артында қалған әдеби мұрасы – уақыт өткен сайын құндылығы арта түсетін рухани қазына.
Жерлес қаламгерлерімізді ұлықтайтын танымдық шараға сіздерді шақырамыз!



























