17 қараша күні А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Дидар» газетінің тілшісі, ақын Қызырбек Дүргінбайұлының шығармашылығына арналған «Жастықтың оты жалындап...» атты жыр кеші өтті.
Қызырбек Дүргінбайұлы 1990 жылы Моңғолия Республикасы, Баян-Өлгий аймағының Цэнгэл ауылында дүниеге келген. С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-нің «Филология» факультетінің түлегі. Филология ғылымдарының магистрі. Өскемен қаласындағы ақын Серік Ғабдуллаұлы іргетасын қалап кеткен «Шабыт» жас ақындар мектебіне жетекшілік жасап, шығыстан шыққан жас ақындардың шығармашылығын насихаттау барысында көптеген игі шараларға бастамашы болды.
Қ. Дүргінбайұлы халықаралық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Ақын өлеңдері «Отыкен», «Ақ Ертіс», «Жалын» журналдарында жарияланып келеді. Шығармалары «Шабыт: қос қанат», «Ертіс толқыны» жинақтарында, «Абай әлемі» кітаптар топтамасымен басылып шыққан жастар жинағында жарық көрген.
Шығыстың шайыры, танымал ақын Серік Ғабдуллаұлының батасын алған, тәлімін көрген Қ. Дүргінбайұлының өлеңдері – оқырман жүрегіне жылы тиетін ойлы жырлар. Ақынның әбір өлеңінен салиқалы сабыр, ақыл таразысынан өткен өмірлік түйін аңғарылып тұрады. Қызырбектің өлеңдері туралы Қазақстан Жазушылар одағының ШҚО филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев былай дейді: «Оның жырларынан сыбызғының ба, қобыздың ба, әйтеуір қазақтың көне аспаптарының мұңлы үні үздігіп тым-тым алыстан – алып таулардың, ақшағыр шыңдардың, түкті төбелердің, көкорай шалғынды керім бел-белестердің баурайында жатқан қайран ауылдарымыздан үшбу сәлем, сартап сағынышты өксік алып келетіндей болады да тұрады. ...Қызырбек – өлеңші емес. Ақын. Осыны көңілге мықтап тоқуымыз керек».
Жыр кешінде Қызырбектің поэзия әлеміндегі ақындық болмысы, өмірдегі, өнердегі адами қасиеттері, өлеңдерінің туу тарихы жайлы сыр шертіліп, жырдан шашу шашылды.