Биыл Абайдай ұлы ұстаздан тәлім-тәрбие алған, қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан қазақ ғұламасы, ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығы мен әнші, белгілі шәкәрімтанушы Келденбай Өлмесековтің 70 жылдық мерейтойы қатар келді. Осыған орай 26 мамыр күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...» атты еске алу кеші өтті.
Шәкәрім Құдайбердіұлы ұрпағына рухани азық боларлық мол мұра қалдырды. Атап айтсақ, өлең-дастандар, мысалдар, нақыл сөз, проза, қара сөздер, аудармалар. Сондай-ақ, ақынның артында көптеген әндері қалды. Осы әндердің жиырма шақтысы Қ.Керімқұлов, А.Шәкәрімұлы, Н.Алдажаровтар арқылы кейінгі ұрпаққа жетсе, одан кейінгі кезеңдегі Шәкәрімнің ән мұраларының ХХІ ғасырға жетіп, ел санасына сіңіп, жадында жатталуына ерекше үлес қосқан бірден-бір әнші – Күршім ауданының тумасы, шәкәрімтанушы, ҚР мәдениет қайраткері Келденбай Раузаұлы Өлмесеков.
Жуманова Гаухар Сайлаубекқызы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Кәсіби даму институты» филиалының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты:
- Біздің мұғалімдердің ең бірінші алдына қойған мақсаты – болашақ ұрпақты тәрбиелеу. Осы Шәкәрім Құдайбердіұлының негізінде адалдық, ар, намыс, ұят философиясын біздің жас ұрпаққа беру, ары қарай тәрбиелеу, әсіресе өзіміздің жерлісіміз, Күршім ауданның тұмасы, әнші Келденбай ағамыздың шығармашылығын дамытып, зерттеп, жас ұрпаққа беру болып табылады.
Кеш қонақтары Ш. Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығына байланысты тың деректер алып, кітапхана қызметкерлері ұсынған көрмеден ақын қаламынан шыққан көптеген шығармаларымен танысты. Сонымен қатар, өмірін Шәкәрімнің музыкалық мұраларын іздеуге, елге таныстыруға арнаған, осы мақсатпен қазақтың Алтайдан Атырауға дейінгі аралығын жиырма жылдан аса уақыт аралаған, Шәкәрім әндері десе кез-келген қазақтың есіне алдымен есімі түсетін Келденбай Өлмесековтің Шәкәрім әндерінің насихатталуы жолында атқарған еңбегі туралы айтылды. Әншінің өмірі мен бүкіл шығармашылығына арналған «Сұраған жанға сәлем айт…» атты алғашқы жарық көрген кітабы оқырманға ұсынылды.
Өмірде мәңгі жасар ғұмырлар бар. Ол артында сөзі, әні қалған ән иесінің де, әншінің де, әннің де мәңгі ғұмыры. Басқосуда ақынның өлеңдері оқылып, әншінің әндері орындалды.