Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Осыған орай кітапханада қаламыздағы ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен «Ауған ақиқаты» атты ерлік сағаты өтті.
Басқосуға мектеп оқушылары, әскери полиция қызметкерлері ,ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары қатысты.
Он жылға созылған соғысқа 22 мың қазақстандық қатысып, 924 боздағынан айырылған. 1015 адам елге мүгедек болып оралса, 21 солдат із – түзсіз кеткен. Бұл күнде ауған соғысының қанды қырғынынан аман – есен оралғанымен, жандары жаралы ардагерлер ортамызда жүр.
Ерлік сағатында өмірінің жауқазын жастық шағын оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан жерлес майдангер ағаларымыз Сағымбай Рамазанов, Еділ Түгелбаев келді.
Экранда соғыс хроникасының кадрлары көрсетіліп, қатысушылар Ауғанстан және барлық жергілікті соғыстар мен қақтығыстарда қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Ардагерлер өткен күнді еске алып, тағылымды әңгімелерімен бөлісіп қана қоймай, жастардың тәлім-тәрбиесі жайлы ой өрбітіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Байланыс тел.: 26-13-33 (119)