26 мамыр күні кітапханада жерлесіміз Уалханова Алмагүл Нұралықызының шығармашылық кеші өтті.
Шығармашылық кешке «Төр Алтайдың әдеби әлемі» клубының мүшелері, қаламыздағы жыр сүйер қауым, кітапхана оқырмандары қатысты.
Уалханова Алмагүл Нұралықызы 1955 жылы Катон-Қарағай ауданының Топқайың ауылында өмірге келді. Оқушы кезінде әкесінің қолымен жазылған шығыс шәйырлері Фердаусидің, Низамидің, Физулидің өлеңдерін көп оқыды, поэзияға жаны құмар болды, мектептің қабырға газетіне өлеңдері жиі жарияланды. Кейіннен Өскемен педагогикалық институтының физика математика факультетіне оқуға түсіп, 1976 жылы оны тәмамдады.
1977 жылы қаймағы бұзылмаған қазақи орта, Тарбағатай ауданына келін болып түседі. Ақжар ауылындағы Абай атындағы орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Ата-анасы жанынан қолма-қол өлең шығаратын, жиын-тойда айтысты қыздырып жіберетін жандар болған. Қайын атасы Әліпбаев Сейіт қазақтың өтірік өлең, жұмбақ өлең, тау өлең, пайғамбар өлеңдерді және қарттық шақ, балалық шақ өлеңдерін және әртүрлі дастандарды жатқа білетін құйма құлақ жан болды. Алмагүл Нұралықызына біраз өлеңдерін жазып қалдырды. Арғы беттен келген атасы Қытай жеріне өту тарихын да айтып кетті, осыдан кейін Алмагүлде атамның аманатын жазып, келер ұрпаққа қалдырсам ғой деген ой пайда болады.
Мектепте мұғалім бола жүріп, жұмыс арасында ойға оралған шумақтарды, арнау өлеңдерді де жазып үлгеретін, аудандық айтыстарға қатысты, оқушыларды айтысқа даярлады.
Шығармашылығы «Даңқ» кітабына, «Суырлының сұлу саздары» атты жыр жинақтарына басылып шықты. 2022 жылы «Өмірімнің сырлары» атты өлеңдер жинағы жарыққа шыққты. Тарбағатай ауданында өткен ақындар айтысының жеңімпазы, өлеңдері аудандық, облыстық басылымдардарда жарық көрген. Жанұялы, жұбайы, үш ұлы, екі қызы, немерелері бар.
Байланыс тел.: 261-333