Егеменді еліміздің тарихынан аса маңызды орын алатын мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. ҚР Конституциясы тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының құқығы мен тыныштығын қорғаушы басты құрал болып табылады.
29 тамызда осы атаулы күнге орай А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Ата заңым – айбыным» атты мерекелік бағдарлама өтті.
Дөңгелек үстел отырысында қазақ даласындағы құқық тарихы, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті Жарғы» заңдары, Барлыбек Сырттановтың «Қазақ елінің уставы» мен хәкім Абайдың заңгерлігі, Ата Заңымыздың қалыптасу жолдары мен кезеңдері, мазмұны туралы танымды да қызықты ақпарат берілсе, «Ата Заң – ел ынтымағының ұйытқысы» атты кітап көрмесі кітапхана қорындағы тақырыпқа сай әдебиеттерді оқырман назарына ұсынылды.
Кітапхананың жас оқырмандары «Менің құқығым» құқықтық калейдоскобымен танысу арқылы өздерінің құықтық сауаттылықтарын арттырды. Ал, «Ата заңым – айбыным» Smart-квестіне қатысқан жастар Ата Заңымыздың мазмұны, құрылымын жадыларында жаңартып, ҚР Конституциясына байланысты түрлі тапсырмаларды орындап, білімдерін шыңдады.
Ата Заңымыздың тарихы мен маңызын жетік білу, оның қағидаларын бұлжытпай сақтау арқылы біз өз елімізді, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз, еліміздің дамуына ықпал етеміз.
Байланыс тел.: 261-333 (119)