2 қараша күні кітапханада Катонқарағай өңірінің әйгілі Мұзтау түбіндегі Көккөл кенішінің жансебіл кеншілеріне арналған " Көккөлдегі көразап" және шығыстың аңызға бай өлкесінің мол мұрасы жинақталған "Катонқарағай аңыздар өлкесі" кітаптарының тұсаукесері өтті.
Қос кітаптың авторы саналы ғұмырының 40 жылдан артық уақытын кітапхана саласына арнаған, Қазақстан Республикасының "Еңбек сіңірген қызметкері", Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерекелік медалі, М.Ауезов атындағы медальдарының иегері Ардагер кітапханашы,өлкетанушы Жұмағұлова Гүлзира Дәулетханқызы.
Автор түрлі мекемелерде кітапханашылық қызмет ете жүріп Алтайдың мұзбалағы атанған жазушы Оралхан Бөкейдің шығармаларын насихаттауда көп еңбек сіңірген жан. Ұзақ жылдар кітапхананың өлкетану бөлімінде жұмыс атқарған Гүлзира апайдың тынымсыз ізденімпаз еңбегі бүгін естелік кітап болып оқырманға жол тартты.
«Катонқарағай - аңыздар өлкесі» кітабы бірнеше бөлімнен тұрады. «Алтай өңірі туралы мифтік аңыздар», «Топонимдік аңыздар», «Тарихи аңыз әңгімелер», «Шежіре аңыздар» сияқты тылсым-құпяға толы аңыз әңгімелер оқырманды бірден өзіне баурап алады. Ал, «Көккөлдегі көразап» кітабы Мұзтау түбінде орналасқан, кезінде вольфрам концентратын соғыс мақсатында өндірген «Көккөл» кенішінің жансебіл кеншілеріне арналады. Автордың көпшілікке жол тартқалы отырған қос туындысы оқырманның сүйікті кітабына айналары сөзсіз!
Кітапхана қоры тағы да жаңа тарихи, тағлымды кітаптармен толығып отыр. Авторға үлкен алғысымызды білдіреміз. Асыл жар, ардақты әже, аяулы ана Гүлзира Дәулетханқызына шығармашылық толағай табыс тілейміз!
Байланыс тел.: 261333