Кітапханада «Ес-аға» фототілшілер клубы ашылды
7 ақпан күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Ес-аға» фототілшілер клубының ашылу салтанаты өтті. «Ес-аға» клубы өмірі Шығыс Қазақстанмен тығыз байланысты белгілі фотограф Есімхан Орынбаевтың 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Шараға Есімхан Орынбаевтың қызы Әсел Есімханқызы, әріптестері, достары, кітапхананың тұрақты оқырмандары мен студенттер қатысты. Айтмұхамбет Қасымов, Әлібек Қаңтарбаев, Уәлихан Тоқпатаев ағаларымыз және өзге де қонақтар жылы лебіздерін білдіріп, Есімхан Орынбаев туралы естеліктерімен бөлісті.
Есімхан Орынбаев 1955 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданы Еңбек ауылында дүниеге келген. Иркутск мемлекеттік университетінің фотография бөлімін тәмамдаған. 1986 жылы Өскеменге көшіп келіп, облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетіне жұмысқа тұрып, өмірін шығармашылығымен ұштастырған. Оның суреттерінде түрлі адамдар, оқиғалар мен фактілер бейнеленген және бір жұмыс екіншісіне ұқсамайды. Ол әр сәттің керемет көріністерін сомдай білген өз саласының нағыз маманы, керемет отағасы әрі дос, қалжыңқұмар әрі мейірімді де қайырымды жан. Оны жай ғана – Есаға дейтін. Бір сөзбен айтқанда, Есағаның фотоқорында Шығыстың бүтін бір тарихы жатыр...
Клуб Қазақстан Журналистер одағының ШҚО филиалының төрағасы, «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Мерей Қайнарұлының жетекшілігімен жұмыс істейтін болады.
Клубтың мақсаты - болашақта фототілші болуға ынта-ықыласы бар жерлестерімізге өз қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік беру. Фотожурналистикаға бейімі бар адамдарға фотопортрет, пейзаж, фоторепортаж, фотоочерк және тағы басқа түсірудің тәсілдерін үйрету, шеберліктерін шыңдау.
Клубта арнайы жоспар құрылып, аптасына бір рет дәріс берілетін болады.