«Өмір белестері» кітабының тұсаукесері
29 қыркүйек күні А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Қазақстанға еңбегі сіңген ұстаз, тәжірибелі педагог Сандыбай Ахметолдаұлы Қасымхановтың «Өмір белестері» атты мемуарлық кітабының тұсаукесері өтті.
Кітапта автордың Төр Алтайдың көркем төрі – Катонқарағай ауданы, Аршаты ауылындағы балалық шағынан бастап, ұстаздық жолы, кәсіби ізденісі, өмір жолында кездескен қиындықтары мен жетістіктері баяндалады.
Қырық жылға жуық білім саласында еңбек еткен Сандыбай Ахметолдаұлы ұстаздық қызметімен қатар, педагогтердің біліктілігін арттыруға үлес қосып, оқу-әдістемелік еңбектердің авторы ретінде де танылып келеді. 2017 жылы «Білім беру саласына қосқан зор үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Кездесуде автор өзінің еңбек жолы, кітаптың жазылу тарихы мен өмірлік ұстанымдары туралы ой бөлісті. Шара барысында ұстаздың әр жылдардағы қызметі мен жетістіктері туралы естеліктер айтылып, оқырмандар тарапынан жылы лебіздер білдірілді.
Тұсаукесерге автордың жерлестері, зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары мен ұстаздар қатысты.































