«Аңызға айналған ұстаз» еске алу кеші
А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында қазақ әдебиетін оқытуда өзіндік мектеп қалыптастырған дара педагог, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ұлт ұстазы Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның 80 жылдығына арналған «Аңызға айналған ұстаз» атты еске алу кеші өтті.
Жүректерге жол тартқан бұл шара – тек еске алу ғана емес, кемел тұлғаға тағзым, парасат биігінен үн қату болды. Көрермен назарына Қанипа Омарғалиқызының өмір жолы мен ұлт руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегі жайлы бейнематериалмен ұсынылды.
Кеш аясында Қанипа Омарғалиқызының шәкірт жүрегіне шырақ жаққан ұстаздық болмысы жайлы тағылымды естеліктер мен жүрекжарды лебіздер айтылды. Қазақстан Жазушылар одағы ШҚО филиалының директоры, жазушы, публицист Қаңтарбаев Әлібек Қалиұлы ұлт ұстазының ұлағатты жолы, әдебиетке қосқан үлесі мен жаңашыл әдістемелік мектебі жайында пайымды пікірлерімен бөлісті.
Ұлағатты ұстаздың көзін көрген, еңбегін бағалаған қоғам қайраткері Ақанов Сағымбек аға да өз естеліктерімен бөлісіп, ұстаз бейнесін сан қырынан ашты.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің филология ғылымдарының докторы, профессор, «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры - Картаева Айжан Маратбекқызы Хан апа жайында, оның ұстаздық жолы туралы сөз сөйледі.
Қанипа апайдың шәкірттері Қуаныш Еркін мен Айбек Оралхан ұстаздары жайлы естелігімен бөлісіп, арнауын арнады.
Сонымен қатар, Қанипа апайдың туған сіңлілері Жаңыл апай, Бақыт апай және Бақытгүл Омарғалиқызы апайлары жайлы жүрекжарды сөз сөйлеп, отбасы, өскен ортасы, тұлғалық болмысынан сыр шертті.
Ұлан аудандық Балалар музыкалық мектебінің өнерпаздары кешті әсем әндерімен әрледі.
Кеш соңында Жамбыл атындағы гимназия оқушылары Қанипа Бітібаеваға арналған Серік Ғабдуллаұлының «Алтын адам» атты өлеңін ерекше ықыласпен оқып, ұстаз рухына деген мәңгілік тағзымды жүрекпен жеткізді.
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|