Бүгін, яғни 17 қыркүйекте А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының ұйымдастыруымен «Әлем таныған Абай» атты онлайн форсайт-форум өтті.
Аталған форум ұлы ақын, ойшыл, аудармашы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Мағауия Абайұлы Құнанбаевтың 155 жылдығына және Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Абай» драмалық спектаклінің қойылғанына 85 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Форсайт-форумға филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиутының бас директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов, абайтанушы-ғалым, абайтанушы, мәдениеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты, «Almaty» телерадиокомпаниясы» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Базарбек Атығай, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Түркітану орталығының ғылыми қызметкері, PHD докторы Марлен Ерланұлы Әділов қатысып, өз көзқарастарымен, абайтану саласындағы жетістіктерімен бөлісті.
Барлық қатысушыларымызға, әсіресе ғалымдарымызға тың ойларын ортаға салып, ұлы ойшылдың асыл мұрасын терең зерттеп, болашақ ұрпаққа жеткізудегі еңбектері үшін А. С.Пушкин атындағы ШҚО кітапханасы атынан үлкен алғысымызды білдіреміз.