«Қазақстаным - мақтанышым!»: ақпараттық-интерактивті әдеби экспозиция
Еліміздің Тәуелсіздік күніне орай А.С. Пушкин атындағы кітапханасы кең көлемді әдеби-ақпараттық экспозициясын ұсынады.
Көрме тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихының негізгі кезеңдерінен бастап қазіргі жетістіктерге дейінгі кезеңді қамтиды. Экспозицияда елдің өркендеуіне, егемендігінің нығаюына өмірін арнаған ұлы тұлғалар туралы кітаптар, сондай-ақ тәуелсіздік жылдарындағы экономиканың, саясаттың, ғылымның, мәдениет пен өнердің дамуы жайлы материалдар ұсынылған.
Экспозиция «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» бөлімінен басталады. Бұл бөлімде Қазақ хандығының құрылуы туралы әдебиеттер топтастырылған. 560 жылдық мерейтойы мемлекеттілік тарихындағы маңызды белес болғаны атап көрсетіледі. «Алаш – тәуелсіздік бастауы» бөлімінде ұлттық қозғалыстың жаңа кезеңін ашқан «Алаш» партиясы жайлы материалдар берілген. «Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздік бастауы» бөлімінде 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары қамтылады. Бұл көтеріліске қатысушылар алашордалықтардың рухани мирасқорлары саналады.
Экспозицияда 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңға ерекше назар аударылған. Н. Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында келтірілген естеліктеріне сәйкес, заң мәтінін әзірлеу жұмысы сайлаудан кейінгі алғашқы апта бойы жүргізілген. Бұл – қазіргі қазақ мемлекеттілігінің тарихи бастау нүктесі болған оқиға.
Биыл біз 1995 жылғы Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толуын атап өттік. Бұл маңызды кезең де экспозицияда көрініс тапқан. Ұсынылған басылымдар елдің негізгі заңының уақыт талабына сай қалай өзгеріп, дамығанын көрсетеді.
«Тұғыры биік тәуелсіздік» бөліміндегі кітаптар арқылы тәуелсіз Қазақстанның түрлі салалардағы даму барысын біле аласыз. Ал «Ұлт рухы: баба өсиеті мен жарқын идеялар» бөлімі ата-баба аманатын, дәстүр мен салтты еске салып, жаңа шабыт беретін идеялармен бөліседі.
«Тәуелсіз Қазақстанның көркем әдебиеті» бөлімінде егемендік кезеңіндегі ұлттық әдебиеттің дамуы мен жаңа буын жазушылардың шығармашылық ізденістері көрсетіледі.
Кітапханамыз баршаңызды экспозицияны тамашалауға, Қазақстанның еркіндікке, бірлік пен өркендеуге бастар жолын айшықтайтын тарих парақтарымен танысуға шақырады.
Байланыс тел.: 26-33-33


































































