|
Абай – қазақ руханиятының мәңгілік темірқазығы
Қазақтың рухани әлемін биікке көтерген ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлы – ұлттық әдебиетіміздің ғана емес, адамзат өркениетінің асыл қазынасына айналған дара тұлға.
Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттың рухын асқақтатып, сананы жаңғыртатын мәңгілік мұра. Сондықтан Хәкім Абайды ұлықтау – әрбір қазақтың елдік әрі ұлттық парызы.
Осыған орай, 10 тамыз – «Абай күніне» орай А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Атымды Абай қойған соң...» атты мерекелік танымдық бағдарлама ұйымдастырылады.
Атаулы күн кітапхана қызметкерлерінің облыстық ALTAI телеарнасындағы «Алтай таңы» бағдарламасына қатысуымен басталып, эфирде Хәкім Абайдың өмірі, шығармашылығы мен рухани мұрасы жайлы тағылымды әңгіме өрбиді. Ал сағат 10:00-де А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының алаңында «Атымды Абай қойған соң...» атты мерекелік бағдарламаның салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
Шараның басты мақсаты – сөзі қазақтың бойтұмарына, мұрасы ұлттың рухани қазынасына айналған Абайдың шығармашылық әлемін кеңінен насихаттап, оның өмірі мен әдеби мұрасын көпшілікке жаңа қырынан таныстыру.
Сондай-ақ, мерекелік бағдарлама барысында келушілер «Абайды оқы, таңырқа» атты интерактивті әдебиеттер көрмесін тамашалап, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған сирек және құнды басылымдармен танысады. Кітапхана мамандары оқырмандарға Абай мұрасына қатысты қызықты деректер мен танымдық мәліметтер ұсынады.
Бағдарлама аясында «Жаһандану заманындағы Абайды танытудың жаңаша бағыттары» тақырыбында әдеби ринг ұйымдастырылып, кітапхана жанындағы «Төр Алтайдың әдеби әлемі» клубының мүшелері Абайдың қара сөздеріндегі еңбек, әділдік, білім, адамгершілік және толық адам ілімі төңірегінде ашық пікір алмасады.
Абай күні тағылымымен де, тағзымымен де есте қалуы тиіс. Осы мақсатта қала тұрғындары «Абай – сіз үшін кім?» атты бейне-сауалнамаға қатысып, ұлы ақын туралы жүрекжарды ойларымен бөліседі.
Мерекелік бағдарламада оқырмандар мен қала тұрғындарына мынадай танымдық әрі интерактивті алаңдар ұсынылады:
• «Қара сөз» алаңы – қатысушылар қобдишадан Абайдың қара сөзінен үзінді алып, 30 секунд ішінде оның мәнін өз түсінігімен талдайды;
• «Абайға хат» – арнайы пошта жәшігіне «Құрметті Абай ата...» деп басталатын жүрекжарды хаттар жазылады. Кеш соңында ең әсерлі хаттар көпшілікке оқылады;
• «Поэзия микрофоны» – еркін форматтағы әдеби алаңда кез келген қатысушы Абай өлеңдерін немесе өз шығармаларын оқып, ақын туралы ойын ортаға салады;
• Балалар алаңы – бүлдіршіндерге арналған боямақтар, пазлдар, өлеңді мәнерлеп оқу және сурет салу сияқты шығармашылық жұмыстар ұйымдастырылады;
• «Кітапханаға жазыл да, сыйлық ал!» акциясы – мереке күні кітапханаға жаңадан тіркелген оқырмандарға естелік сыйлықтар табысталады.
Мерекелік бағдарлама аясында журналист Қ. Алтыбаевтың еңбектері негізінде әзірленген «Мен бір жұмбақ адаммын...» атты зияткерлік сайыс өткізіліп, қатысушылар Абай шығармалары желісі бойынша құрастырылған сөзжұмбақтарды шешіп, өз білімдерін сынайды.
Сонымен қатар, мереке қонақтары үшін арнайы «Абай күні» фотозонасы безендіріліп, келушілер естелік суретке түсе алады.
Абайдың сөзі – ұлттың ұстыны, руханиятымыздың темірқазығы. Ұлы ойшылдың мұрасын ұлықтауға арналған бұл мерекелік бағдарлама барлық қала тұрғындары мен кітапсүйер қауымды рухани жүздесуге, ой бөлісуге және Абай әлемін бірге тануға шақырады.































